Жамбыл облысында карантинде той жасаған аудан әкімі жауапқа тартылды

Жамбыл облысында карантинде той жасаған аудан әкімі жауапқа тартылды

Жамбыл облысында карантинде той жасаған мемлекеттік қызметші жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Білдей бір аудан әкімі салынған тыйымға қарамастан дүйім жұртты жиып думандатқан. Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов 60 жасын қаладағы ең үлкен тойханалардың бірінде өткізді. Әлеуметтік желіде мынадай видеолар тарап, той иесінің масқарасы шықты. Дегенмен, мемлекеттік қызметші айыппұл жазасымен құтылып кетті. Карантиндік талапты бұзған ол 87 мың теңге төлеуі тиіс.

Бағлан Қыдырбаев, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары:

- Бұл фактілер бойынша біз барлық материалдарды зерделеу зерттеу барысында сол дәйектердің бәрі нақтыланды. Анықталды. Той иесіне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425-бабының 1-тармақшасы бойынша айыппұл салынды. Және тойхана иесіне карантин режимін бұзғаны үшін 230 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынды.

Осы Жамбыл облысында эпидемиологиялық ахуал күн санап нашарлап барады. Қазір өңір «қызыл аймақта». Бір күнде 200-ден астам қауіпті вирус жұқтыру дерегі тіркеліп отыр. Сондай-а, аймақта инфекцияның 11 «Дельта» штамы анықталған. Мамандар жұртты карантин талаптарын қатаң ұстануға шақырады.