ҚР ДСМ: Pfizer вакцинасына балалар мен жүкті әйелдер ғана қол жеткізе алады

Америкалық Pfizer вакцинасын әуелі жүкті келіншектер мен балаларға салады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деді.

Ол АҚШ-та шығарылған екпе Қазақстанға қазан айында жеткізілетінін мәлімдеді. Әзірге қандай көлемде болатыны белгісіз. Бір анығы – бұл вакцина алдымен аяғы ауыл әйелдер мен 12 жасқа толған балаларға салынады. Бірақ оның өзінде ата-анасының келісімі қажет болады. Министр вакцина ерікті түрде салынатынын тағы да еске салды.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қазан айында Pfizer вакцинасына тек балалар мен жүкті әйелдер ғана қол жеткізе алады. Бәріне жетпейді. Сондықтан ол екпеге сенім артудың қажеті жоқ. Елде бар, қазір салынып жатқан вакцинаны пайдаланған жөн.

Министр америкалық вакцина қашан келеді деп уақыт оздыруға болмайтынын да ескертті. Сол себепті елде бар екпені пайдалану қажет дейді. Сондай-ақ Алексей Цой қазан айына қарай елімізде вакцина қабылдағандар тағы екпе салуы мүмкін екенін айтты.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қазақстан вакцина салуды салыстырмалы түрде кешірек, яғни, ақпан айында бастадық. Көпшілік маусым-шілде айларында екпе алды. Біздің антиденелер әлі де жаңа, деңгейі жоғары. Сондықтан екінші дозаны алғаннан кейін шамамен 9 ай өткен соң күнтізбеге қосатын шығармыз.