Павлодарда қарттар мен мүгедектер үйінен шу шықты

Павлодарда қарттар мен мүгедектер үйін арнайы комиссия тексереді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның құрамына адам құқықтары жөніндегі уәкіл енген. Тексеруге мекеме ұжымының шағымы түрткі болды. Жұмысшылар тазалықтың жоқтығын және залалсыздандыру жүрмегенін айтады. Қызметшілерді қысқартып, интернаттың керек-жарағына деп ақша жинау сынды заңға қайшы әрекеттер де бар. Әлеуметтік желілердің бірінде жарияланған шағымға байланысты тексеру нәтижесі екі күнде белгілі болады. 

Павлодардағы қарттар мен мүгедектер үйінде екі жүзден астам адам тұрып жатыр. Олардың 73-і мүгедек, 155-і қарт адамдар. Жастайынан арбаға таңылған Надежда Карояниди бұл шаңырақты туған үйіндей көреді. Себебі 1976 жылдан бері осында тұрады. Тамағым тоқ, киімім бүтін. Тек жұмысшыларды аяймын дейді ол.

Надежда Карояниди, қарттар үйінің тұрғыны:

– Олар тәулік бойы жұмыс істейді. Біздің қабатта 45-47 адам бар. Ойлап қараңызшы, осыншама адамға бар-жоғы үш күтуші қызмет көрсетеді. Ол өте ауыр, өте қиын жұмыс.

Қамқорлыққа алынған тұлғалардың бәріне медициналық қызмет көрсетіледі. Төсек тартып жатқан науқастар гигиеналық керек-жарақтармен толық қамтамасыз етілген. Мекеме басшысы қандала басып кетті деген ақпарды жоққа шығарды. Ал қираған ыдыс-аяқ үш айда бір жаңартылады екен.

Марина Стрелковская, «Қарттар мен мүгедектерге арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ММ директоры: 

– Мен жоғарыда келтірілген барлық дәйек бойынша тексерулер жүргізіледі деп ойлаймын. Олардың қаншалықты шындыққа жанасатынын комиссия анықтайтын болады.

Облыс бойынша осы тектес 8 әлеуметтік мекеме бар. Олардың үшеуі – қарттар мен мүгедектер үйі. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, олардың бәрі шілде айында тексеруден өткен. Ал соңғы шағым бойынша кінәлілер анықталса, жауапкершілікке тартылады.

Гүлнәр Камалова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Комиссия екі күн жұмыс істейді. Бізде уақыт өте тығыз. Тексеру нәтижесі бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына арнап брифинг өткіземіз. Шынайы ақпарат беріп, халықты хабардар еткіміз келеді.

Арнайы комиссияның құрамына адам құқықтары жөніндегі уәкіл де енген. Тексеру барысында мекеме тұрғындары мен қызметкерлері үшін жабық анкета толтыру тәртібі де қолданылады.

Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат