Петропавлдағы Конституция көшесі Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін

Әлемдегі жаяу жүргіншіге арналған ең ұзын көше туралы жергілікті қоғамдық ұйым өкілдері мәлімдеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір бұл атақ Копенгагеннің Строгет сауда алаңына тиесілі. Оның ұзындығы 1800 метр шамасында. Ал Солтүстік Қазақстан орталығындағы көше 2 шақырымға жуық. Өңір белсенділерінің пайымынша, жергілікті Арбатты Гиннес рекордтар кітабына енгізу туристер санын да арттыруы тиіс.

Сайран Хамзин, қоғамдық кеңес мүшесі:

– Бұл мәселені көтергенімде әріптестерім қолдап, жергілікті атқарушы билік өкілдеріне Гиннестің рекордтар кітабына өтінім білдіру керек деп хат жолдадық. Егер біздің қаламыздағы Қазақстан Конституциясы көшесі мұндай халықаралық деңгейде мойындалатын болса, бұл өзіндік ерекшелік болар еді. Туристер де қызығып, әлемдегі ең ұзын жаяу жүргінші көшесін мүмкін іздеп келер.