Ақтаулықтарды ауадағы жағымсыз иіс алаңдатып отыр

Әсіресе, кешке қарай тыныс алу мүмкін емес дейді жергілікті жұрт. Экология департаменті жүргізген мониторинг нәтижесінде ауада күкірт сутегі мен азот диоксиді мөлшерінің шектен асқаны анықталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көпбалалы ана Гүлжан Жолдасова 27-шағынауданда тұрады. Күнде кешкісін көрші-қолаңмен бірге үйдің алдына демалуға шығады. Бірақ соңғы 1 аптада далаға шықпапты. Қышқыл иіс қолқаны қауып, мазаны қашырды дейді ол.

Гүлжан Жолдасова, қала тұрғыны:

– Кімнен көрерімді білмедім. Қай жақтан келгенін біліп беруіңізді өтінемін. Өтінішімді аяқ асты қылмай, апаратын жерге апарып, көрсететін жерге көрсетсін.

Ауадағы күлімсі иісті басқа шағынаудан тұрғындары да сезген. Олар әлеуметтік желіге Air.kz мобильдік қосымшасындағы ақпаратты жариялап, шара қолдануды сұраған. Мұнда күкірт сутегінің шамадан тыс көп екені көрініп тұр. Сондықтан тұрғындар денсаулықтарына алаңдайды.

БЛИЦ:

– Әуелі біреу улап жатыр ма, әлде үйін улап жатыр ма деп ойладық. Елімнің, халықтың аман болғанын қалаймын.

– Далаға шығып, демалып отырайық десек, иіс бар. Жасарымды жасап, асарымды асадым, 80-нен астым. Бала-шаға, немерем бар өсіп келе жатқан, солардың денсаулығын ойлаймын.

Қала тұрғындарының арыз-шағымы негізінде экология департаменті жедел түрде тексеру жұмыстарын жүргізген. Бірнеше жердегі ауадан сынама алынып, зертханалық талдамалар жасалған.

Сағдат Хансейітов, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:

– Нәтижесінде қаланың солтүстік бөлігінде ескі полигонның орнынан жағымсыз иістің ошағы анықталды. Қара металл іздеушілер полигон қоқыстарын қазғаны белгілі болды. Қоқыстан шыққан жағымсыз иіс ауаға тарауда. Полигон аумағында зертхана жүргізгенде, концентрацияның шектен тыс екені анықталды. Күкірт сутегінің нормадан тыс екені анықталды. Тиісті органдарға хабарладық. Бұл жағымсыз иістің себебінің біреуі болуы мүмкін. Тағы мониторинг жүргіземіз.

Өңірдегі тәуелсіз экологтар ескі полигонның экологиялық талапқа сай келмейтінін, сондықтан қоршаған ортаға қауіпті екенін хабарлады.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

– Қошқар ата көлі маңындағы бұл полигон 2015 жылы жабылған. Қаладан небәрі 6 шақырым қашықтықта орналасқан. Алайда экологтар бұл жердің әлі де ашық-шашық жатқанын хабарлады. Мінеки, өз көзімізбен көруге келдік. Расымен түрлі қалдықтар, металдар шашылып жатыр. Қоршау болмағандықтан адамдар да емін-еркін кіріп қалағанын алып кетеді.

Сондай-ақ тал түсте түрлі ауыр көліктер полигонның аумағын жағалап, құмын қазып алып жатыр.

6 жыл бұрын жабылған полигон қазір көрінгеннің олжалы аймағына айналған. Кімнің балансында екені де белгісіз. Бұл сауалға облыстық және қалалық әкімдік те мардымды жауап бермеді.

Айта кету керек, Экология департаменті мамандары алдағы уақытта Ақтау қаласының оңтүстік-шығысында орналасқан өндірістік аймақтағы зауыттарға да тексеру жүргізбек. Себебі аммиак өндіретін кәсіпорындардан шығарылған қалдық мөлшерден тыс көп болуы мүмкін. Былтыр дәл осындай себеппен бірнеше мекемеге 10 миллион теңге айыппұл салынған.

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев, Саламат Бекбаев