Алматы тұрғындарының саны екі миллиондық межеден асты

Соңғы қырық жылда Алматы тұрғындарының саны екі есе өсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жақында мегаполистің екі миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Халық санының көбеюіне байланысты қала аумағы да үлкейіп келеді.

Қаланың миллионыншы тұрғыны деген жазуы бар гербті куәлік пен үш бөлмелі жаңа пәтердің кілтін табыс етті

1981 жылдың 19 желтоқсаны – ел терихында елеулі күн. Сол кезде мемлекет астанасы болған Алматы қаласы Қазақстанда тұңғыш миллионды қала атанды, ал Кеңес одағы бойынша миллион тұрғыны бар 22 қала болып тарихқа енді. Мерейлі тұрғын Бауыржан Қадырсызов балташы-құрылысшының отбасында дүниеге келген.

Арада 40 жыл өткенде мегаполис жаңа межеге жетті. 21 маусымда екі миллионыншы тұрғын – Аяла Жамбыл дүниеге келді. Ол көпбалалы отбасындағы алтынша сәби.

Әлия Жаныбекова, қала тұрғыны:

– Таңғалдық, көңіл күйіміз ерекше болды. 21-і күні туылды, 2021 жыл.

Мегаполис халқының өсуіне тек туу көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар Алматы облысының бірқатар ауылдарының қала аумағына қосылуы да әсер етті. 2013 жылы қала тұрғындарының саны бірден бір жарым миллион адамға көбейген. Аяла өмірге келген сәтте қала тұрғындарының ресми саны 2 миллионға жетті.

Айдар Әбілдабеков, ҚР СЖЖРА ұлттық статистика бюросының алматы қ. бойынша департамент басшысы:

– Қала халқының өсуі шамамен тепе-тең жүреді. Егер бір айда 4500-ге көбейсе, оның жартысы табиғи өсім, жартысы – қоныс аударып келгендер. Қалада 14 жасқа дейінгі 443 мың бала, 432 мың жас азаматтар тұрады, 30 жастан жоғары және егде жастағылар бір миллион бір жүз мыңнан асады. 

Тұрғындар санының өсуі Алматының өмір сүруге жайлы қала екенін көрсетеді дейді жергілікті билік өкілдері. Халық көбейген сайын сәйкесінше қажеттілік те артады. Ең бірінші кезекте – инфраструктура. Сондай-ақ баспана да басты мәселе қатарында.

Алмасхан Ахмеджанов, қаланы жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы:

– Қаланың шетінен алматылықтар орталыққа барады. Бізде 5 орталық құрылады. Спорт құрылымдары болады, жолдар, емханалар қарастырылып жатыр.

Алматы бірінші кезекте келушілерді әсем табиғатымен өзіне тартады. Ал жастар үшін Алматы үлкен мүмкіндіктер қаласы. Алайда қаланың байырғы тұрғындары мегаполистегі демографиялық өсімнің кері жақтары да бар дейді.

БЛИЦ:

– Қала созылмалы емес. Меніңше қазір қала тұрғындарының саны екі миллионнан әлдеқайда көп. Сырттан келгендер ресми есепке алынбайды. Бұрыннан тұрып келе жатқандарға жұмыс табу қиын.

Биыл Қазақстанда тәуелсіздік тарихында үшінші рет халық санағы өтеді. Шараның бірінші кезеңі маусым айында өттті. Екінші кезең қыркүйек айында басталмақ. Алматы тұрғындарының шын мәнінде қанша екені санақ нәтижесінде белгілі бола жатар. Ал мамандардың айтуынша, Алматының инфрақұрылымдық мүмкіндігі 3,5 миллион адамға қарастырылған.

Гүлжан Көленқызы, Нұрдаулет Жаксыбаев, Радик Джакупов