Қызылорда саяжайларында қордаланған мәселе көп

Қызылорда қаласының төңірегіндегі саяжайларда қордаланған мәселе көп.

Жолы тозған, қоғамдық көлік қатынамайды, таза ауыз су жоқ. Қала басшысы кезінде айтулы мәселелерді кезең-кезеңімен шешіміз деп уәде берген екен. Алайда әлі күнге өзгеріс жоқ, – дейді саяжай тұрғындары. 

Бұл аумақты тұрғындар ПМК-29 деп атайды. Кезінде 5 саяжай алабына бөлінген. Жері құнарлы, ауасы таза, жайқалған жасыл желек. Жұмагүл Бакенова осы жерде отбасымен бірге 30 жылдан бері тұрып келеді. Ала жаздай көкөніс пен жеміс жидек өсіріп, қалаға апарып сатады.

Жұмагүл Бәкенова, саяжай тұрғыны:

– Таңертең 2 шелек жүзімді базарға апардым. Автобус болған жоқ. Танысым әуежайға дейін жеткізіп салды. Ол жерде жарты сағаттай автобус күттім. Сосын такси тоқтатып базарға әрең жеттім. Жүзімнен түскен 2-3 мың теңге пайданы таксиге жұмсып қайттым.

Мұнда қоғамдық көліктен өзге мәселелер де жеткілікті. Тозығы жеткен жол мен таза ауыз су түйіткілі жылдар бойы шешімін таппаған.

Қала әкімі мен жауапты бөлім басшылары аталған мәселелерді шешуге уәде берген. Содан бері 7 жыл өтіпті. Баяғы жартас – сол жартас.

Біржан Далабаев, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Аталған 5 саяжай алабына кіреберіс жолдың жоба сметалық құжаттары әзірленді. Бюджетке өтінім берілді. Егер қаржы мәселесі шешімін тапса, биыл сол жолды жөндейтін боламыз.

Бүгінде бұл аумақ саяжайдан көрі, шағын ауылға көбірек ұқсайды. Өйткені 3 мыңдай адамның жыл он екі ай тұрғылықты мекеніне айналып үлгерген. Кейбірі үлкен үйлер салып алыпты. Сондықтан тұрғындар елді мекен мәртебесі берілуін сұрап отыр. Сонда ғана, қордаланған мәселелер шешімін табады деп сенеді.   

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов, Қанат Еңсебаев