Елорда көшелерінде қозғалыс өзгереді

Елордада жыл соңына дейін бірнеше көшеге автобус жолақтары сызылады.

Бұдан бөлек, кей бағдаршамдарда көліктердің бұрылу реті өзгереді. Осылайша жолдағы тәртіпке, жауапты мекемелер кептелісті азайтып, жолаушылардың жолға жұмсайтын уақытын қысқартпақ. Жалпы, өзгеріс енгізілетін көшелер, қалай таңдалады? Тілшіміз айтып берсін.

Түркістан көшесін кеңейту жұмыстары жуырда ғана аяқталды. Көліктердің Ұлы Дала даңғылына оңға және солға бұрылатын қатары көбейді. Осыған байланысты қаланың бұл аумағында кептеліс азайды. Алайда жыл соңына дейін Түркістанның Керей, Жәнібек хандар мен Ұлы Дала арасындағы бөлігіне автобус жолағы сызылады. Жолға жауапты компания өкілінің айтуынша, мұндай белгілер орнатылатын көшелер әуелі жан-жақты зерттеледі. 

Әділ Сайынов, CTS компаниясы бағдарлар бойынша басқарма жетекшісі:

– Ең маңызды принцип транспорт анализ өткіземіз. Траффик тексереміз. Диспетчеризация орталығы бар. Соның барлығы программа бойынша. Биг да та деген сөз бар, соның барлығын қарап сол арқылы ұсыныстар береміз. Ұсыныстарды акиматпен бірге қарастырып жаңа көшелерге енгіземіз.

Қазір Елорданың 23 көшесі бас лейнмен қамтылған. Арнайы жолақтардың жалпы ұзындығы 59 шақырымнан асады. Алдағы екі жылда қаланың тағы 15 аумағында автобус жолдары пайда болады. Олар да жолаушылардың саны, қоғамдық көліктің жүру жиілігі сияқты факторлардың негізінде таңдалды. Бұл ретте қос жағалаудың да көшелері қамтылады.   

Науат Азанбаева, CTS компаниясы қоғаммен байланыс қызметінің жетекшісі:

– Тұран даңғылында көптеген медициналық ұйымдар бар. Жедел жәрдем көліктері де көп жүреді. Бас лейн сызылғаннан кейін олардың жету уақыты біздің бағдаршам арқылы да 30 процентке қысқарды. Бұл 1 жарым минуттан екі минутқа дейін. Адам өте күрделі жағдайда келе жатқанда 2 минут өте күрделі рөл атқарады. Сол себепті жүргізушілерге кішкене түсіністік танытуды сұраймыз.  

Рас, автобус жолы бар кей көшелерде кептелісі жиі кездеседі. Алайда соған сай көліктердің бағдаршамнан бұрылу тәртібі де өзгереді. Мәселен, қазір қалалық полиция департаменті Республика, Бөгенбай батыр және Тілендиев көшелеріндегі кей бұрылыстарды қайта қарастырып жатыр. 

Арман Ыдырысов, қалалық ПД жол және техникалық инспекция бөлімінің инспекторы:

– Бізде статистика жүргізіледі. Яғни кептеліс болған жағдайда, мәселен бір жолақтан солға бұрылу және айналу аз болған жағдайда біз екінші және кейбір жерлерде үшінші жолдармен айналуға рұқсат береміз. 

Жол компаниясының және полиция департаментінің өкілдері өзгеріс енгізілмес бұрын жолаушылар мен жүргізушілердің пікірі ескеріледі дейді. Мәселен, біз айтқан Ұлы Дала көшесіне автобус жолағын сызуды жерігілікті тұрғындар әлеуметтік желіде сұраған көрінеді.  

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев