Алматыда жаңадан салынған Шұғыла City тұрғын үй кешенінен шу шықты

Алматының Наурызбай ауданында жаңадан салынған Шұғыла City тұрғын үй кешенінен шу шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Наурыз айында пәтер кілтін алған 2 мыңнан аса адам сусыз, жолсыз, көгілдір отынсыз отыр. Бес ай бұрын уәде етілген инфрақұрылым сөз жүзінде қалған. Жаңа ауданның жылтыраған үйлері мен бітпеген «жыры» туралы тілші тарқатады.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Наурыз айында пайдалануға берілген Шұғыла City тұрғын үй кешенінде қазір 2 мыңнан аса адам тұрады. Су жаңа 40 үйде әлі күнге көгілдір отын мен ыстық су қосылмаған. «Жолдың жасалмағаны өз алдына, суық судың өзі сарғыш тартып, ішуге жарамсыз», - дейді тұрғындар. Құны 12 миллион теңгеден басталатын пәтерлердің сапасы да сын көтермейді екен.

Шынар Бижанова, қала тұрғыны:

- Мына үйдің сапасы нашар, қабырға қисық, тегіс емес көршінің дауысы қасыңда отырған сияқты естіледі. Сапасы мүлдем нашар. Мен жалғызбасты анамын бір балам бар, қыркүйекте мектепке барады жолдың түрі мынау. Газ жоқ, ыстық су жоқ, салқын су таза емес сап-сары су.

Сонымен қатар аумаққа балабақша, мектеп және басқа да әлеуметтік нысан салынбаған. Жақын маңдағы мектеп пен балабақшада орын жоқ екен. Оған қосымша көліктерге арналған тұрақ қарастырылмаған. Шенеуніктер болса, тұрғындарды ертең деген уәдемен алдап келеді.

Бибігүл Құбатайқызы, қала тұрғыны:

- Алматыда қанша жылдан бері тұрсақ та, жиырма күнге жөндеу жұмысына су өшті дегенді біз бірінші рет көріп тұрмыз. Газ бізге наурыз айында келгенде мамыр айында келеді деген. Енді қазір қыркүйек айында келеді, деп жатыр.

Наурызбай ауданы әкімдігінің айтуынша, тұрғынүй жеке компанияның қаражатына салыныпты. Ал инженерлік желі «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы мемлекеттік қаражатқа жасалған. Көгілдір отын құбырлары тартылып, орталық жүйеге де қосылыпты. Тек газды реттеу қондырғы орнатылмаған. Себебі, тұрғын үй кешенінде құрылыс жұмыстары әлі бітпеген.

Жандос Тақыбаев, Наурызбай ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

- Газды реттеуші қондырғы орнатылған соң көгілдір отын беріледі. Осы қыркүйекке дейін барлық жұмыстар аяқталады. Газ тарту өте жауапты жұмыстың бірі болғандықтан уақыты созылды. Ал, жолды асфальттау, көгалдандыру жұмыстары да жоспарлы түрде жүріп жатыр. Бір жарым айда бәрін аяқтаймыз.

40 үйдің ауласын көгалдандыру және көгілдір отын жүргізуге жергілікті бюджеттен 577 миллион теңге бөлінген. Жергілікті әкімдік жоғарыда аталған мәселелер қыркүйектің соңына дейін шешім табады деп уәде берді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон, Радик Жакупов