Жамбыл облысында балықтар қырылуға шақ тұр

Жамбыл облысында балықтар жаппай қырылуы мүмкін.

Шаруалар осылай деп дабыл қағып жатыр. Тоғандағы суды егіс алқаптарына шамадан тыс пайдаланып, салдарынан шабақтар шетінен өле бастаған. Балықшылар мәселені жергілікті әкімдікке де, суға жауапты мекемеге де айтып шағымданған.

«Алайда билік тарапынан жағдайға мән беріп, құлақ асқан ешкім жоқ», - дейді шаруалар. Амалы таусылған балықшылар мән-жайды біздің телеарна тілшілеріне жеткізді.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Дабыл қағып, шырылдап жүрген - Ирина Акулова. Шаруа бұл іспен 12 жылдан бері тұрақты айналысып келеді. Мемлекеттік бағдарламаға қатысып, жылда шабақ жіберіп, балық өсіруге ден қойып отыр. Енді ол ұзақ жылғы кәсібінен бір күнде айырылып қалуы мүмкін. Оның тоғанындағы суды егістікке сорып алып жатыр.

Ирина Акулова, шаруа:

- Тоғанда су қалмады. Қазірдің өзінде өлген шабақтар су бетіне қалқып шығып жатыр. Су келмеген соң оттегі жетіспейді. Мұнда кем дегенде 2 метр су болу керек. Түсінемін, егістікке су беріп жатыр. Бірақ балыққа да су қалу керек қой. Қараңыздар, жарты метр де су жоқ. Бұл қолдан жасалып отыр. Аудандық су шаруашылығына барып шағымданудан шаршадым. Ешкім құлақ аспайды. Сонда біз қайда баруымыз керек?

Диқандардың 10 жерге қойған су сорғы моторлары жұмыс істеп тұр. Шаруа оның біразы заңсыз деп санайды. Анықтап көріп едік, суға жауапты «Қазсушар» мекемесімен тек екі шаруақожалық ғана келісімшарт жасаған болып шықты. Қазір тоғанда су тартылып, балықтың барлығы ой-шұңқырларда қалған су қалдықтарына үймелеп қырылуға шақ тұр. Бұлай жалғаса берсе, балық шаруашылығы инспекциясының мамандары балықтарды сақтап қалу үшін аулап, жақын маңдағы өзендерге жібермек. Бұл жағдайда кәсіп иесі қыруар шығынға батады.

Ерболат Таматаев, Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

-Су пайдаланушылар өздері суды егістікке алған кезде балық шаруашылығын жүргізгенге су қалдыру керек еді. Ол ескерілмей тұр. Енді әрі қарай бір аптаның ішінде су келмейтін болса, бұл жерде балыққа қауіп төнеді.

«Қазсушар» мекемесі бұл каналды транзит режимінде қолданып келген. Яғни, шаруаларға Аса өзенінен су жеткізу үшін Акулованың тоғанына суды жинап шетінен диқандарға беріп отырған. Бұл жолы суды бермей, шаруаның балыққа деген суын шамадан тыс жұмсап жібергендіктерін мойындады. Салдарынан балықтарға қауіп төніп тұр.

Саят Тұрдықұлов, «Қазсушар» мекемесінің бөлім басшысы:

- Балыққа су қалдырып жатырмыз ғой. Рас, енді су сәл азайып кетті. Тым азайып кетті. Жоспарланған судан азайып кетті. Мейірман каналындағы судың азаюына байланысты азайып кетті. Циркуляция жүрмей қалды да, тоғандағы су төмен түсіп кетті.

Самат Жарасбаев, Жамбыл аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Мәселенің туындау себебінің тағы біреуі - Мейірман каналының жөндеу жұмыстары бітпеуі. Егер сол канал жөндеу жұмыстары біткенде лоток арқылы құйылатын еді. Мұндай проблема болмайтын еді. Облыс әкімі 2-3 рет келген. Жағдайдың бәрін біледі. Сол жердегі ұтып алған тендерлерін жұмыстарына байланысты канал жөнделмей жатыр ғой.

Қазір Аса өзенінде су азайып кеткен. Тоғанды толтыру үшін су Теріс-Ащыбұлақ су қоймасынан жіберілмек. Мұраптар ол жеткенше 4-5 күн кетеді деп отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә