Елордада жасөспірімдерге арналған жаттығу алаңдары жетіспейді

18 жасқа толмаған астаналық жеткіншектердің 30%-і спортпен тұрақты айналысады. Бұл шамамен 60 мың оқушы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әкімдіктің дерегіне сүйенсек, елордада 50 мың бала спорт үйірмелеріне тегін қатысады екен. Тілшіміз спорт кешендерінің біріне барып, болашақ чемпиондардың қандай жағдайда жаттығып жатқанын көріп қайтты.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Елорданың шет жағында екі ай бұрын жаңа спорт кешені өз жұмысын бастады. Үйірмелердің ақылы болғанына қарамастан бой сергітіп, жаттығу жасағысы келетіндердің саны өте көп. Оның үстіне сол жағалаудағы жалғыз спорттық гимнастика залы осы кешенде орналасқан. Ол қажетті заманауи қондырғылармен жабдықталған.

Елдар Жеңісқанов, акробатика және гимнастикадан жаттықтырушы:

- Оң жағалауда жақсы жабдықталған жалғыз спорт залы №1 мектепте орналасқан. Мұнда жеке клуб ашылды. Мемлекеттік мектептердің залы да жақсы жабдықталған, алайда жеке зал алғаш рет ашылып отыр. Спорттық гимнастика, батутта секіру, көркем гимнастика қазір сұранысқа ие спорт түрі. Ал оларға қажетті жабдықтар мемлекеттік мектептерде жетіспейтін.

Кешенде футбол ойнауға да мүмкіндік бар. Бұл спорт түрінен жатығуға қатысу үшін спортшылар тіпті Теміртаудан қатынайды екен. Ал қала бойынша алаң мәселесі әлі түбегейлі шешілмеген.

Нияз Маштаев, футболдан жаттықтырушы:

- Қазір біздің басты мәселеміз - стадиондардың бизнеске айналуы. Ай сайын сағаттап есептегенде төлем өте қымбатқа түсіп отыр. Мемлекеттік қолдау жетпеген соң осындай ғимараттарды жалдауға тура келеді.

Басқа спорт түрлерінде де жағдай аса мәз емес. Мәселен, дзюдомен айналысқысы келетіндер әуелі жаттығатын зал табуы тиіс. Ал мұндай кешен табылған күннің өзінде ондағы спорттық жарақтардың сапасы көбіне көңіл көншітпейтін көрінеді.

Айзад Балтабаев, дзюдодан жаттықтырушы:

- Залдар бар бірақ олимпиадалық құрал-жабдықтар жетпейді. Мәселен, кей татамилердің сапасы аса жоғары емес. Бұл да жаттығуға әсер етеді.

Спортшыларымыздың Олимпиадада көрсеткен нәтижесі ел спортының әлеуетіне сай келмейтінін Президент мәлімдеді. Мемлекет басшысы балаларға көңіл бөліп, бұқаралық спортты дамытудың маңызын атап өтті. Елорда әкімдігі біз айтқан қиындықтардан хабардар. «Енді соларды шешу үшін жұмы істейміз», - дейді спорт басқармасының өкілдері.

Гүлназ Оразалина, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім жетекшісі:

- Спорт нысандараның жетіспеуі өз алдына бөлек әңгіме. Карантин жағдайында шектеу көп. Жұмыс істейтін спорт кешендерінде келушілердің санына, жаттығудың күні мен уақытына қойылатын талаптар бар. Әрине, карантин жоқ кезде де мәселе жетеді. Қосымша дене шынықтыру кешендері пайдалануға беріліп жатыр. Осылайша, спорт нысандарының жетіспеуіне қатысты мәселе шешіледі.

Әкімдіктің дерегіне сүйенсек, қазір 10 мыңға жуық астаналық оқушы спорттық үйірмеге ақша төлеп қатысады. Олардың тегін жаттығуы үшін қосымша қаржыландыру жүйесі енгізіледі.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Асхат Ниязов, Асхат Каракойшиев