Әскердегі құқықбұзушылықтар туралы ақпарат қабылдайтын сайт ашылды

Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери полициясы бас басқармасы азаматтардан армиядағы құқықбұзушылықтар туралы ақпарат қабылдау үшін мобильді қосымшасы бар askeri-senim.kz сайтын әзірледі.

Пайдаланушылар әскери полиция органдарына электрондық форматта орны мен уақытына, тергеу жүргізілуіне, сондай-ақ хабарланатын мәліметтердің толықтығына қарамастан, жасалған немесе жасауға әрекеттеніп жатқан кез келген құқықбұзушылық туралы тікелей хабарламаларды жолдай алады. Сайтта мобильді қосымша барлық Android және IOS құрылғыларына орнатылып, қоса жұмыс істейді. Қосымшаны askeri-senim.kz сайтынан жүктеп алуға болады.

Әскери полиция бас басқармасы мәлімдегендей «Әскери сенім» жобасы армиядағы құқықбұзушылық, хабарламаларды қабылдау, есепке алу және бақылау процесін автоматтандыру, құқық бұзушылықты жасау фактілеріне ден қою сапасы мен жеделдігін арттыру және олардан сақтандыру туралы жаңа ақпарат көздерін енгізу мақсатында әзірленді.

Пайдаланушы жеке кабинетте тағайындалған жауапты лауазымды адаммен жасырын хат алмасу, статусы мен жауаптарды қадағалай алады. Өтініш статусының өзгергені, жауапты лауазымды адамның тағайындалғаны және оның жауаптары туралы өзекті деректер электрондық поштаға келіп түседі. Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін жеке кабинетте диалогтарды іздеуге және реттеуге болады.

Ақпарат көзі: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі