Есіл өзенін 1 миллион теңіз жәндігі тазарта ма?

Есіл өзенін 1 млн жұмсақ денелі теңіз жәндігінің көмегімен тазартуға болады.

Бұл елордалық оқушы Нұртөре Арынурұлының ерекше жобасы. Ол инкубаторда өсірілген моллюскіге зерттеу жүргізіп, Есілді сақтап қалуды ұсынып отыр. Енді жобаны жүзеге асыру үшін инвестор керек дейді. Нұртөре Арынурұлы АҚШ-та оқу-тәжірибеден өтіп, қолға алған ісінің пайдасы зор екенін түсінген. «Есіл маржаны» жобасының авторы 7-8 жылда Есіл өзенін 1 млн моллюскінің көмегімен тазартуға болады дейді. Қазір 73 жұмсақ денелі теңіз жәндігіне сынақ жүргізіп жатыр.

Нұртөре Арынурұлы, жоба авторы:

– Молюскілер ең алдымен жерге жартылай қазылады. Содан кейін олар өзендегі сифондарын ашады. Сифондар арқылы ішке қарай сорып, оны өз ағзасы арқылы өткізіп, сүзгілейді. Сол кезде таза суды қайтадан жібереді. Сол процесс жалғасып отырады. Сағатына ол үш литр суды сүзгілейді.

Дарынды жігіт жобасын іске асыру үшін инвестор іздейді. 1 инкубаторға 8 млн-ға жуық қаржы керек. Әкімдік жобаға қызығушылық танытқан.

Алайда оны жүзеге асыру үшін Нұртөре жобасын толық зерттеуі тиіс екен.

Экологтың айтуынша, маусым айында алынған сынамаға сәйкес есіл өзеніндегі суда магнийдің концентрациясы артық болған. Яғни 5-ші класс суға жатқызылды. Бұл өзеннің өте лас екенін білдіреді.

Лаура Мәлікова, Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы:

– Мұндай жобалар бұл комплементарды болу мүмкін. Бұл жоба түгелдей осы мәселені шешіп тастайды деп ойламаймыз. Қала деңгейінде, әкімдік деңгейінде осы тұрмыстық лас суларды тазарту жүйесін барынша тиімді ету керек. Қосымша сатылар қосу керек. Есіл өзенінің су сапасына қарайтын болсақ қосымша сатының қажет екенін байқап отырмыз.

Есілдің ертеңіне алаңдаған оқушы жоба арқылы өзенді сақтап қалуға болатынына кәміл сенеді.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Нұрғали Мамурбаев