Қуаңшылық зардабын тартқан малшылардың тізімі жасалып жатыр

Қуаңшылық зардабын тартқан маңғыстаулық малшылардың тізімі жасалып жатыр.

Жергілікті әкімдіктер тізімге енген шаруа қожалықтарының мәселесін шешуге көмектеседі. Қазір аймақта мал басы қайта саналып, тіркеуге алына бастады. Маусым айында 631 мың 179 түлік болған. Соның 460 мыңға жуығы аналық мал. Биылғы жазда 1 мыңнан астам ірі қара далада қырылды. Әсіресе Онды, Мырзайыр, Басқұдық, Ұштаған, Жарма, Сазды ауылы маңындағы шаруашылықтарда жылқы шығыны болды. Мал санағы аяқталған соң шаруаның жем-шөпке жұмсаған шығынын ішінара өтеу үшін аналық малға қаржы беріледі. Мемлекет қазынасынан 1,9 млрд теңге бөлінді. Ешкі мен қойдың жасы 12, сиыр 18, түйе-жылқы 36 айға толуы керек. Қысқы мал азығы қорын жасауға аймақ бюджетінен 5,3 млрд теңге қарастырылды. Оның 1,9 млрд теңгесі шөп, қалған 3,4 млрд қаражат жем сатып алуға жұмсалады.

Серік Қалдығұл, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Жергілікті қор резервінен осы қаражат бөлінгелі жатыр. Осы бойынша біз тиісті құжаттарын рәсімдеп, жұмыстарын бастап кеттік. «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 204 млн қаражат бөлініп, қысқа дейінгі осы аралық маусымдағы шөптерді тасу жұмыстарын жалғастыра береміз. 26 мың тонна кемінде шөп, 35 мың тонна жеммен қысқа кіруіміз керек.