Қызылордалықтар Қамшыбек Қоңқабаевқа көлік мінгізді

Бүгін Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев пен спортшылар Дәулет Ниязбеков және Мөлдір Жаңбырбайды жерлестері салтанатты түрде күтіп алды.

Қызылорда әуежайында зор қуанышпен қарсы алған олар әлемдік додада ел намысын қорғаған атлеттерге ризашылықтарын білдірді. Ал танымал айтыскер-ақын Мұхтар Ниязов арнау айтып, спортшыларды өлеңіне қосты.

Айта кетейік, боксшы Қамшыбек Қоңқабаев 91 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, египеттік Мұстафа Ясри Хафеза мен ресейлік Иван Верясовты жеңген еді. Алайда жартылай финалда кездескен қарсыласы америкалық спортшыдан жеңіліс тапты. Нәтижесінде Олимпиада ойындарының қола медалін иеленді. Бірақ боксшы жеңіс әкелетін күндер әлі алда екеніне сенімді. 

Қамшыбек Қоңқабаев, Токио олимпиадасының қола жүлдегері:

– Алдағы жоспар біршама уақыт демалып, қалпымызға келіп алу. Одан кейін ағайларымызбен ақылдаса отырып, алдыға жоспар құрамыз. Биыл, білесіздер, әлем чемпионаты болады Сербияда, Белгородта. Мүмкін соған да барып қалармыз.