Елорда іргесіндегі 19 ауыл ауыз суға қол жеткізе алмай отыр

Елорда іргесінде орналасқан 19 ауыл ауыз суға қол жеткізе алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызықтысы, аймақта су жоқ емес бар. Бірақ оны пайдалануға мүмкіндік жоқ. Себебі, бірнеше кәсіпорын ауданында қазба жұмыстарын жүргізіп, құм өндіріп жатыр. Салдарынан жер астынан шыққан ауыз су кеуіп қалып, елді мекен тұрғындарына жетпейді.

Дариға Ташенова, тілші:

- Еліміздің батыс өңірлерінде су тапшылығынан мал қырылып жатса, елорда маңындағы ауылдар бар суды кәдеге жарата алмай отыр. Целиноград ауданы тұрғындарының суды күтіп жүргеніне біраз жылдың жүзі болды. Жақында бұл аймақта бірнеше карьер ашылғандықтан, 19 ауыл ауыз сусыз қалмақ.

Жақсылық Өтешов, ауыл тұрғыны:

- Осы карьер бізге жақындап келеді. Малымыз осы ауыл қатар аралас бағылып жүр. Енді біздің күн көріп отырған малымызға жер тарылып келеді. Мынау карьер жақындағап, су азайып барады. Өзен суын ішуге болмайды. Ауылдың адамдары адам емес пе? Бизнес деп соған бәрін беріп қойып қарапайым халық қалай өмір сүреді?

Сағидолла Жасаров, Қарамеңді ауылының тұрғыны:

- Қазір мында 3 карьер бар. Төртіншісі ашылып жатыр. Бұл Семенов ауыз су бассейні. Ол 19 ауылды қамтамасыз етуге қауқарлы. Бірақ кәсіпкерлердің істеп жатқанын қараңызшы. Құм үшін бізді сусыз қалдырайын деп отыр. Олардың жұмысқа кісікеніне 1-ақ ай болды. Осы аз уақытта Қарамеңді ауылының шетіндегі үйлердің маңында су жоқ болып кетті. Тағы карьерлер ашылса, не болатынын елестетіп көріңіздер.

Біз тұрғындармен бірге карьерге барып, өндіріс басшыларымен сұхбаттасуға бел будық. Алайда бейнекамераны көрген олар өз орындарынан тайып тұрған көрінеді.

2016 жылы Покровка мен Төңкеріс ауылдарының арасындағы жерде гидрогеологиялық зерттеулер жүргізіле бастады. Ол үшін бюджеттен 120 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде мұнда 25 жылға жететін су қоры бар екені анықталды.

Вячеслав Петухов, гидрогеолог:

- Мен осы зерттеу туралы бастаманы өзім қолға алған болатынмын. 2018 жылы бұл бағыттағы жұмыстарды аяқтадық. Мемлекеттік комиссияға су қоры туралы есеп бердік. Бұған дейін біз суды Покров қоймасынан алып отырдық. Ал мына жерде одан су 3 есе көп болып шықты. Қазба басталғанда су деңгейі күрт төмендеп кетті. Карьерлер аймақты ластап жатыр. Су қоры 12500 мың текше метрді құрайды. Егер бұл жұмыстар тоқтатылмаса, күніне 1500 текше метрінен айырылып отырамыз.

Амалсыздан жергілікті белсенді азаматтар бірігіп, заңгерлердің көмегіне жүгінуді жөн көрді. Олар қажетті құжаттарды жинап, жауапты органдармен кездесулер ұйымдастырды. Алайда баяғы жартас сол жартас.

Алмагүл Кұсдәулетова, заңгер:

- Біз заңның бұзылып жатқандығын көріп отырмыз. Сондықтан Ақмола облысының әкіміне хат жаздық. Кейін Целиноград ауданының әкімі мен Экология министріне де бардық. Министр бізді қолдап, карьерлерді жабу туралы ұсыныс жасады. Бірақ жергілікті атқарушы органдар оған келіспей қойды. Олар бұған дейін ен жасалған шартты бұза алмайтынын жеткізді. Бірақ Су кодексі нормативті құқықтық актілер иерархиясында басқа құжаттардан жоғары тұрады. Ол ескерілмей жатыр. Мемлекет бизнес өкілдерін емес, жергілікті халықты қорғау керек емес пе?

Ал ауылдық округ басшылары бұл мәселені шешіп, атсалысуға асық емес. Жауапкершілікті өз мойнына артқысы келмейді де. Біз келгенде ауылдық округ әкімі демалысқа шыққан екен.

Зәуреш Дүйсембина, Жаңаесіл ауылдық округы әкімдігінің бас маманы:

- Әкімдік жағынан ешқандай қағаздарға қол қойған жоқпыз. Қазір карьерлердің қолында соттағы шешімдер бар. Сол шешім арқылы аудандағы жер комитеті протоколға рұқсат қағаз берген. Сондықтан біз оларды тоқтата алмаймыз. Ондай өкілеттілік жоқ. Бұл жер бізге керек. Біз кісілер жақпыз. Карьер жақта емеспіз.

Талғат Құсдәулетов, заңгер:

- Неге қатысыңыз бар екенін мойындамайсыздар? Мұнда су қоры бар екендігін білдіңіздер. Сіздер аудан әкіміне барып, жағдайды түсіндіру керек едіңіздер. Карьер ашу туралы сот шешімі 2016 жылы шыққан. Ал, 2018 жылы мемлекеттік комиссия бұл жерде су қоры бар екендігін бекітті. Соны біле тұра, еш нәрсе істемедіңіздер.

Әзірге жергілікті тұрғындар суды сатып алуға мәжбүр. Егер жағдай өзгермесе, мыңдаған адам үйлерін тастап кетуі де ғажап емес. Өйткені сусыз өмір сүру мүмкін емес.

Авторлары: Дариға Ташенова, Жандос Сұлтанғазы