Елордадағы спорттық нысандар тұрғындарға қолжетімді болады

Қала әкімдігі осы бағытта бірқатар жоспар құрып, жүйелі жұмысты бастап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мақсат – бұқаралық спортты дамытып, жасөспірімдер мен жастар арасында спортпен айналысатын азаматтарды көбейту.

Бұқаралық спортты дамытудың басты мәселелері елордадағы жеңіл атлетика кешенінде талқыланды. Нысан негізінен кәсіби спортшыларға арналған. Бірақ қыркүйектен бастап мұнда спортқа әуестігі бар кез келген тұрғын келе алады. Қала әкімдігі соған жағдай жасамақ. Ол кезде кешенде күніне 750, ал айына 20 мың адам шынығуға мүмкіндік бар.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- Қыркүйек айында мектептерді ашайын деп жатырмыз. Спорт нысандарын ашайын деп жатырмыз. Спортпен айналысамын деген адамның бәріне қолжетімді болуы керек. Негізгі міндетіміз осы. Қосымша тренерлер аламыз. Жаттықтырушыларға тиісті жалақысын береміз, қосымша қаражат бөлеміз. Бұқаралық спортқа көңіл аударуымыз қажет.

Қазір қалада балалар мен жасөспірімдердің 11 спорт мектебі жұмыс істейді. Оларда 8 мыңнан астам жеткіншек шынығады. Алдағы уақытта оларға қосымша қаржы бөлу арқылы жаттығуға келетін жасөспірімдер санын 50%-ке көбейтпек. Бұған қоса аула клубтарының санын 30-дан 50-ге жеткізу жоспарланған. Сонда спортпен шұғылданатын балар саны да екі есе артады.

Бауыржан Сахарбаев, «№ 2 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебі» КММ басшысы:

- Қосымша қаржы тартып, жаттықтырушыларды шақыру арқылы мектеп жанындағы спорттың секцияларды дамытуға болар еді. Сол кезде бала түске дейын сабағын оқиды, түстен кейін жаттығуына қатысады. Мәселен қазір әрбір мектепте шамамен 2,5 мыңдай бала оқиды. Олар спорттық үйірмеге бару үшін мектептен ұзап кетеді.

Биыл бұқаралық спортты дамыту үшін елорда жастары бағдарламасына да арнайы бөлім қосылды. Соның аясында қаржы бөлініп, жас жаттықтырушыларға әлеуметтік қолдау жасалады. Сондай-ақ аулаларды абаттандыру кезінде спорттық нысандарға басымдық беріліп, ашық аспан астындағы жаттығу алаңдарын көбейту жұмыстары жалғасады.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа