Шымкентте студенттер жатақханасының провизорлық стационарға айналуы дау тудырды

Шымкентте індеттің өршуіне байланысты студенттер жатақханасы коронавирусқа шалдыққан науқастарға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ сол маңда тұратын адамдар бұл шешімге қарсы шықты. Тұрғындар ғимараттың үйлерге тым жақын орналасқанына алаңдайды және ол заңсыз жұмыс істеп жатыр деп күмәнданады. Студенттер үйі коронавирус инфекциясымен ауырып жатқан науқастарға берілген соң Гагарин көшесіндегі үйдің иелері шұғыл баспанасын тастап кетіп жатыр. Үй ауласы бос қалған. Жұрт жатақхана ғимаратының айналасы қоршалмағанын айтады. Ал дәрігерлер қорғаныш киімдерін даладағы жіпке жайып кептіреді екен. Оттегі стансасы да орнатылыпты. Науқастардың жақындары әлеуметтік арақашықтық сақтамайды. Тамақ терезеден беріледі. Аталған стационарды санитар дәрігерлер әлі тексермеген. Бірақ лицензия берілмегенін айтады.

Ольга Кураева, қала тұрғыны:

– Ковид орталыққа бәрі қарсы. Тұрғын үйлер жақын орналасқан. Қоқыс төгетін орын бәрімізге ортақ. Адамдар қоқыс төгуге қорқады. Көп адамдар үйлерін тастап, саяжайларға, басқа да жерлерге кетіп қалды. Баратын жерлері жоқтар үйлерінде қамалып отыруға мәжбүр.

Шәрбат Айботаева, санитариялық-гигиеналық бақылау бөлімінің жетекшісі:

– Біз әзірге рұқсат берген жоқпыз. Әрі ол жерді барып көрмедік. Тағайындау актісі берілген жоқ. Негізі тағайындау актісі берілгеннен кейін ғана заңды болып есептеледі. Біз нысанның жұқпалы аурулар стационарының талаптарына сай келетінін көзбен көргеннен кейін ғана айта аламыз.