Петропавлда қараусыз қалған саяжайлар басқа адамдарға беріледі

Петропавл қаласының маңындағы саяжайларда игерілмей жатқан жер учаскелерін мемлекет бұрынғы иелерінен қайтарып алып, бау-бақшамен шұғылданатын басқа адамдарға беру мәселесін толық шешті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінге дейін 47 мыңға жуық саяжайдың 17 мыңында мүлде ие жоқ, қараусыз қалған. Ал пандемия кезінде саяжай алғысы келетіндердің саны күрт артқан. Салаға жауапты мамандар арнайы мониторинг жүргізіп, саяжайлардың нақты есебін шығаруды бастады. Осыдан соң жер учаскесін сұрағандарға кезек бойынша бере бастайды. Былтыр иесіз тұрған 300, ал биыл тағы 700 саяжай анықталды. Осыған дейін 200-ге жуығы жекеменшікке берілді.

Жомарт Еркін, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Егер жерге иелік еткен адамның оған дейін мемлекеттен бау-бақша өсіру мақсатында алған телімі болмаса, ол адам қала әкімнің атына өтініш жазады. Осы өтініш негізінде біз комиссияда әр тұрғынның өтінішін қараймыз да, шешімнің қорытындысын береміз. Сол бойынша өтініш берген адамға саяжай учаскесі беріледі. Электр, су міндетті түрде болады. Өйткені саяжайларды әуелі мемлекетке қайтару кезінде су мен жарықтың болуын қадағаладық.