Жітіқарада тұратын Тұрсыновтар отбасы көпке үлгі

Қостанай облысының Жітіқара қаласында тұратын Тұрсыновтар отбасын көпке үлгі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әулеттің отағасы Тоқтарбай ақсақал ақын, сазгер. Балалары түрлі салада еңбек етіп жүрсе де, өнерден құралақан емес. Бірі домбыра тартып, ән айтса, бірі мың бұрала би билейді

Тоқтарбай Тұрғанұлы мен Айжан Есенболқызының отасқандарына алпыс жылға жуықтапты. Кіндіктерінен тараған 3 ұл, 3 қыздан бүгінде 11 немере, 4 шөбере сүйіп отыр. Бала тәрбиесіне келгенде бұл әулеттің өзіндік ұстанымы бар.

Тоқтарбай Тұрсынов, әулеттің отағасы:

- Балаларға айқайлап көргеніміз жоқ. Тек көзіммен қорқытқан болатынмын. Бәрі тым-тырыс. Біз тамақ алмай, олар алмайды. Осы уақытқа дейін шамалы науқастанып қалсақ та, қасымыздан шықпайды. Ұлымыз бар, қызымыз бар, соларды көріп, немере де солай.

Тумысынан өнерге жақын Тоқтарбай ақсақал өмір бойы қолынан домбырасын тастаған емес. Үлкен сахналарда айтысқа түсіп, өнер көрсеткен. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Алматыда агрономдыққа оқып жүрген кезінде атақты Шәмшінің алдында күй тартқаны бар. Ұлттық оркестрдің құрамында болған. Жітіқараға оралған соң да, қат-қабат шаруаның қалың ортасында жүрсе де, өнерден қол үзген жоқ. Отбасылық ансамбль құрып, хор жасақтады. Бұл әулеттің әр басқосуы ән-думанға айналады.

Әйкерім Маратқызы, Т.Тұрсыновтың жиен немересі:

- Мен ата-әжемді қатты жақсы көремін. Оларды сыйлап жүреміз әрқашанда. Осы кісілерден көп нәрсе үйрендім. Мысалы маған қолыма алғаш рет домбыра ұстатқан атам болатын.

Күйші, ақын, сазгер. Бір сөзбен айтқанда, Тоқтарбай Тұрғанұлы сегіз қырлы, бір сырлы жан. Бес жыл бұрын жеке жыр жинағы жарық көрді. Одан кейін өлке тарихынан сыр шертетін кітабы басылып шықты. Бұдан басқа да жұрт біле бермейтін қырлары жетерлік.

Мұрат Қайыржанов, Жітіқара аудандық газетінің редакторы:

- Бұл кісі өзі шебер. Қолшебер. Мынау қолдан домбыра жасайды. Сол міне, көрсетейін сізге, осы Тоқтарбай ағай жасаған домбыраның біреуі осы маған сыйлап берді. Дауысы тамаша енді, қолдан жасаған домбыра.

Қыз бала қонақ күтудің, ағайын-туыспен араласудың жөн-жосығы мен жол-жоралғысын жан-жақты менгеруі қажет. Бұл әулеттің отанасы Айжан Есенболқызының өмірлік қағидасы. Ұлтымызға тән осы қасиетті ол қыздарының, келіндерінің, немерелерінің санасына сіңіріп, бойынан көруді мақсат тұтты.

Айжан Тұрсынова, әулеттің отанасы:

- Үш келін түсірдім. Шүкір. Білгенімізше үйретіп, ақылымызды айтып, солай өсірдік деп ойлаймыз. Бетімізге қарсы келмейді, ренжітпейді, әр уақытта сыйлап отырады. Ризамыз.

Тұрсыновтар биылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық, облыстық кезеңдерінде үздік деп танылды. Енді республикалық денгейде бақтарын сынағалы отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг