Шетелдіктерді емханаға тіркеу ережесі өзгерді

Елде шетелдіктерге алғашқы медициналық көмек көрсететін ұйымдарды тіркеу ережесі өзгерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа талап 15 тамызда күшіне енеді. Яғни бұдан былай шетелдіктер мен еңбек мигранттарында медициналық сақтандыру шарты болуға тиіс.

Жаңа қағидаларға сәйкес, елге уақытша келген немесе баспана іздеп жүрген азаматтығы жоқ шетелдікті емханаға бекіту ерікті медициналық сақтандыру шартының негізінде жүзеге асырылады. Қолдану мерзімі аяқталса, олар медициналық ұйымнан автоматты түрде шығарылады. Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттарының да ерікті медициналық сақтандыруы болуы шарт.

Ол үшін egov.kz электрондық порталына кіріп, ондағы «Денсаулық сақтау бөліміндегі «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет немесе өтініш беруші жеке басын куәландыратын құжат ұсынып, медициналық ұйымға өзі барып қызмет алуға құқылы. Елде уақытша жүрген шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелері ел азаматтарымен бірдей МӘМС жүйесіндегі құқықтарын пайдалана алады. Ал республика аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер үшін бекіту тәртібі өзгеріссіз қалды.