Маңғыстаулық автокөлік паромының жүк көлемі артқан

Пандемия кезінде Құрық портындағы автокөлік паромында жүк көлемі артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нақты айтсақ, 2020 жылы 15 мың көлік қатынапты. Сондай-ақ биыл Маңғыстаудан Иранға паром желісі ашылды. Бұл бағыт арқылы жыл басынан бері 2,9 мың тонна жүк әкелінген. Негізінен өңірге құрылыс материалдары, жеміс-жидек пен көкөніс жеткізілген.

Бес жыл бұрын іске қосылған екінші теңіз порты еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыруға үлес қосуда. Бұған дейін Құрық паромы тек Әзербайжаннан тауар тасуды жүзеге асырған болатын. Биыл Иранға желі ашылып, Маңғыстауға тапшы тауарлар тікелей тасымалдана бастады.

Пандемия кезеңінде Құрық портында автокөлік паромының жұмысы жанданды. Шекаралар жабылған уақытта, порт жұмысын тоқтатпай, ПТР-тесті арқылы көлік жүргізушілерін өткізген. Осылайша, алдыңғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш үш есе артқан.

Серік Ахметов, Құрық портының директоры:

- Бірде-бір короновирус жұқтырған жүргізушілер тіркелген жоқ. 2020 жылы шілде, тамызда рекордтық жағдайға жеттік. Порт арқылы 40-50 мың көлікті жылына тасымалдай алатындай күші бар екенін көрсетті. Адамдар Грузиядан, Әзербайжаннан көліктерін әкелді. 2020 жыл Құрық портына өте жақсы жыл болды деуге болады. Біраз қиындық да жоқ емес. Мұнай-химия өнімдерінің жүк тасымалы азайды. Тауардың бұл түрі Ақтау портына кетті. Ол фидерлік желі арқылы тасымалданады.

Алдағы уақытта мұнда тек жүк тасымалы ғана емес, жолаушылар тасымалы да жолға қойылмақ. Әзербайжан мен Құрық порты арасындағы паромда 30 адамға арналған каюталар болса, биылдан бастап орын санын 200-ге дейін арттыруға келісім жүріп жатыр. Сонымен қатар жол ұзақтығы да 4 сағатқа қысқарған.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев