СҚО бұқаралық және балалар спортын дамытуға 3 млрд-тан астам қаржы бөлді

Солтүстік Қазақстан облысы бұқаралық және балалар спортын дамытуға 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұл қаражатқа аймақтағы ауылдарда бір көпбейінді спорт кешені, 10 шағын футбол және 5 воркаут алаңын салынады. Петропавлдың өз басында жаттығу алаңдары көптеп салына береді.

Мариям Байтұяқова – жуырда ғана пайда болған спорт алаңына немересін ертіп, жиі келетін тұрғындардың бірі. Саябақ ішінде жасалған орын салауатты өмір салтын ұстанатын барша жанға ыңғайлы боп тұр. Мұнда волейбол, баскетбол, футбол ойнаудан өзге, денені шынықтыратын жаттығу құралдарын да пайдалануға болады.

Мариям Байтұяқова, қала тұрғыны:

- Спорт алаңында жаттығуға жағдай жасалған. Адамдардың жиі келетін орны. Немереміз екеуміз кейде жалаңаяқ құммен де жүгіріп өтеміз. Бұл – балаларды спортқа баулудың тиімді әдісі.

Ал денешынықтыруға арналған мұндай алаңдар Жұмысшы ауылының тұрғындарына әзірге арман болып тұр. Шағын ауданда ірі жаттығу орындары жоқ. Ал үйлердің аулаларында орнатылғандары әлдеқайда ескірген.

Людмила Халина, қала тұрғыны:

- Біздің Жұмысшы ауылында стадион мүлдем жоқ. Жаттығатын жер тек аулаларда орналасқан. Бізге де жасақтап бергенін қалаймыз, әрине.

Тұрғындар үшін жаттығу алаңдарын жасақтау жөнінде жоспар құрылған. Тек биылдың өзінде қалада көше бойында орнатылатын тағы 20 жаттығу кешені пайда болмақ. Сондай-ақ петропавлдықтардың өтініші бойынша футбол алаңдары да жөнделеді. Бұдан бөлек, билік өкілдері қазір сүріліп тасталған үй орнына ірі спорт нысанын салатын инвестор іздеп жатыр.

Сергей Мелехов, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы:

- Петропавлда салынатын үлкен көпбейінді спорт кешені мен ірі спорт сарайының жобасы жасақталып жатыр. Нысан құрылысын мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі аясында жүргізу жоспарда бар. Оның жұмысы биыл басталуы мүмкін. Бұл бұқаралық және балалар спортын джамытуға септігін тигізеді.

Өңірде балаларға арналған секциялар да тегін болмақ. Әзірге қала бойынша спорттың таэквандо, дзюдо, карате, футбол, теннис, бокс, суда жүзу түрлерін дәріптеу белгіленген. Болашақта оның санын ұлғайтып, үш мыңнан астам баланы қамту көзделіп отыр. Ал облыс бойынша бұқаралық спортпен шұғылданатындардың саны 180 мыңның шамасында.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Нұргүл Ахметова, Төлеген Иманов