Газды күтуден шаршадық – жітіқаралықтар

Inform.kz

Қостанай облысында елді мекендердің 14 проценті ғана көгілдір отынмен қамтылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауылдарды айтпағанда, тіпті қалалардың бір бөлігі әлі күнге газсыз отыр. Мысалы, Жітіқара қаласының шет аумақтары ширек ғасырдан бері өркениет игілігінен жұрдай. Биыл ғана мұнда сең қозғалып, бірнеше шағын ауданға газ тартылатын болды.

Александр Кункель Жітіқараның ескі бөлігінде он шақты жылдан бері тұрады. Уәде етілген газды күтуден шаршадық. Қала ішінде көмір жағып, күл шығарудың машақаты көп дейді ол. Және қысқы отын бағасы да жылдан жылға қымбаттап барады.

Александр Кункель, Жітіқара қаласының тұрғыны:

– Орташа есеппен бір маусымға 7-8 тонна көмір, 3-4 текше метр ағаш керек. Ақшаға шаққанда 200 мың тенгеге шығады. Бұл біз үшін өте қымбат. Қарап отырсаңыз, қаладан 300-400 метр ғана аралық. Осы жерге енді газ жеткізе алмай отырғанына таңымыз бар.

Иә, шынымен газ құбыры іргеден өтіп тұр. Жолдың қарсы бетіндегі көгілдір отын игілігін көріп отырған көп қабатты үй тұрғындарына бұлар қызыға қарайды. Мұндай жағдайда қаланың ескі бөлігі ғана емес, газсыз отырған тағы үш шағын аудан бар. Биыл сол аумақтарды қаза бастағанда жұрттың көңілінде үміт ұшқыны пайда болды. Сұрап білсек, осы жыл аяғына дейін қаланың жеке сектор бөлігін толық газдандыру мақсаты тұр екен. Елу екі шақырым құбыр тартылмақ.

Данияр Жүсіпбеков, Жітіқара қаласының газ шаруашылығы бойынша бас маманы:

– Бұл жобаның құны – 1 млрд 484 млн 879 мың тенге. Осы күнге дейін белігенген жұмыс ауқымының 50 проценті атқарылды. 52 шақырым құбырдың 27 шақырымы салынды. Жоба толық іске асқанда 4 мыңнан астам қала тұрғыны көгілдір отынды пайдаланатын болады.

Биыл қаланың тағы екі шағын ауданына көптен күткен көгілдір отын жетуі мүмкін. Бірақ бұл жоба әзірге қағаз жүзінде.

Данияр Жүсіпбеков, Жітіқара қаласының газ шаруашылығы бойынша бас маманы:

– Жақында осында газ құбыры құрылысын тағы бір кәсіпорын бастауы тиіс. Тендер өткізіліп, келісімшарт жасалған. Тамыздың ортасына таман 5 а және 3 а шағын аудандарына құбыр тарту жұмыстары басталады деп күтіліп отыр.

Ресми мәліметке сүйенсек, облыс тұрғындарының 57 проценті көгілдір отынмен қамтылған. Жыл аяғына дейін тағы үш ауылды газға қосу жоспарда бар. Сонда 60 процентті маңайлап қаламыз дей жауапты мамандар.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг