БҚО-да дәрігерлер жетіспейді

Сырым ауданында дәрігер жетіспейді. Өйткені медициналық мекемелерде жұмыс көп әрі қауырт. Бір маман бірнеше міндетті қатар атқарады. Бұған дейін заманның тыныш кезінде де дәрігер жетіспейтін еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір жағдай тіптен қиындай түскен. Жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығын меңгерген Лаура Аманова бірер жыл бұрын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында Жымпиты ауылына келді. Жас кадрға мемлекет тарапынан баспана, үстемақы және біржолғы қаржылай көмек берілген. «Ауылда тұрмыс сапасы қаладан кем емес» – дейді ол. Тек медицина саласындағы кадр тапшылығы дәрігердің жүктемесін едәуір ауырлатып жіберген.

Лаура Аманова, жалпы тәжірибелік дәрігер:

- Жағдай жақсы, ауылға келіп, өзіңнің туған жеріңде, туған ауылыңда халыққа қызмет көрсету керек. Қазіргі таңда бізде мамандар көп жетіспейді. Сондықтан жүктеме көп болады. Мен негізі орынбасарымын ғой. Орынбасарда қабылдау болмау керек. Менде қазір мына жерде қабылдауым бар, жоғарыда балалар бөлімі бар. Сондай-ақ перзентхана бар. Барлығын өзім қараймын.

Онсыз да жауапты қызмет атқарып жүрген ақ желеңділерге қосымша міндет артылуы медициналық қызмет сапасына да кері әсер ету мүмкін. Ауданда педиатр, анестезиолог-реанимотолог, неонатолог,акушер-гинекологтар жетіспейді. Шалғайдағы кейбір елді мекендерге фельдшер табудың өзі қиын. Мәселен Бұлан ауылындағы амбулаторияға тұрақты фельдшер қажет. Қазір ол жерде орталық ауруханадан жіберілген мамандар уақытша еңбек етіп жүр.

Роза Тахамбетова, Сырым аудандық ауруханасының директоры:

- Медколледж жәрмеңке өткізген кезде біз бос жұмыс орнына Бұлан ауылына «фельдшер қажет» деп бердік. Жыл сайын біз сатып алушы ретінде Ақтөбеге де барып тұрамыз. Сонда бізге жылда кемінде 2 дәрігерден келіп тұрады. Арасында отбасы жағдайына байланысты кетіп жатқандар да бар. Енді аудан әкімдігі көмектесіп тұрады. Бізге енді «Дипломмен ауылға» деген соң, ақшасын да береді. Миллионын да алады. Одан кейін біз өзіміздің үстемақымызды береміз. Үймен қамтылады.

Әлеуметтік көмек дәрігерлермен қатар фельдшерлер мен медбикелерге де көрсетіледі. Алайда бұл механизмнің өзі әзірге түйткілді тарқата алатын емес. Қатерлі індет өршіген уақытта медициналық мекемелерде еңбек күшінің жетіспеуі жығылғанға жұдырық болып тұр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов