Шілде айында іскерлік белсенділік индексі төмендеді

2021 жылдың шілде айындағы іскерлік белсенділік индексі туралы ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймарданов түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бағалау нәтижесі бойынша іскерлік белсенділік индексі шілдеде 0,8 пунктіге төмендеп, 50,8 (маусымда – 51,6) болды. Индекске қызмет көрсету секторындағы көрсеткіштің 51,1-ге дейін (маусымда – 52,7) төмендеуі әсер етті, бұл карантин шектеулеріне байланысты іскерлік белсенділіктің нашарлауына, жаңа тапсырыстар санының қысқаруына және жеткізу мерзімінің ұлғаюына байланысты орын алды. Соған қарамастан құрылыстағы көрсеткіш 50,1-ге дейін (маусымда – 47,6) ұлғайды, ал өнеркәсіпте 50,5 (маусымда – 50,4) болып, іс жүзінде өзгерген жоқ», - деді Ж. Шаймарданов. Аймақтар арасында шілдеде 10 өңірде іскерлік белсенділік көрсеткіші жақсарып, 7 өңірде нашарлағаны байқалды. Іскерлік белсенділіктің жоғары деңгейі Түркістан (58,8) мен Ақмола (57,8) облыстарында, неғұрлым төмен деңгейі – Шығыс Қазақстан облысында (40,8) көрініс тапты. Биылғы шілдеде респонденттер елде бизнес жүргізу жағдайларының нашарлағанын атап өтті. Қазіргі бизнес-жағдайларын бағалау жөніндегі жауаптар теңгерімі 0,5 (маусымда – 4,7) болды, бұл Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы салдарынан шектеу шараларын қалпына келтіруге байланысты орын алды. Кәсіпорындар өнімге/қызметке сұранысты, коммуникацияларға және қаржыға/кредиттерге қолжетімділікті оң бағалады. Бизнесті қорғау мәселелері мен салық жүктемесі теріс баға алды.

Сондай-ақ...