Алакөлдің шомылу аймағы катерлер мен скутерлерден тазартылды

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, маусым айынан бері моторлы су көліктерінің иелері навигация ережелерін 50 мәрте бұзған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір жағалауды туристік полиция жасақтары қатаң бақылауға алды. Олар шағын қайықтармен тасымалдау қызметін көрсететін кәсіпкерлерді тексеріп жатыр. Тынығушылардың айтуынша, қауіпсіздік қағидалары сақтала бермейді. Жуырда скутерді жалға алған 27 жастағы әйел екі бірдей адамды қағып кетті. Салдарынан біреуі жан тапсырды. Қайғылы оқиғаға қатысты мән-жайды тергеу тобы анықтап жатыр.

Жанболат Асқар, Үржар аудандық полиция бөлімінің басшысы:

- Полиция қызметкерлері Үржар ауданы, Алакөл жағалауында ҚР Әкімшілік-құқықбұзушылық Кодексінің 364-бабымен қарастырылған шағын кемелермен және басқа да жүзетін құралдармен тыйым салынған жерлерде жүзу фактілерін алдын алу мақсатында рейдтік шаралар жүргізуде. Маусым басталғалы 50 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың барлығына хаттама мен ескерту шығарылды. Дәл осындай бұзушылықтар жыл көлемінде анықталған жағдайда айыппұл көзделген. Аталған бағытта шаралар жалғасуда.