Қазақстанға қауіп жоқ – сарапшы Ауғанстандағы ахуал жайлы

Ауғанстандағы жағдай Орталық Азия елдеріне, оның ішінде Қазақстанға қауіп төндірмейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықаралық қатынастар жөніндегі қазақстандық кеңестің төрағасы Ерлан Қарин осылай дейді. Бүгін осы кеңестің ұйытқы болуымен бірқатар сарапшы Ауғанстандағы ахуалды талқыға салды.

Ауғанстанда тәліптердің билікке келуі әлем елдерін алаңдатып отыр. Сарапшылардың айтуынша, ондағы ахуал сол елдің саяси экономикалық жағдайына кері әсерін тигізеді. Бұл елдегі білім беру саласын да құрдымға кетіреді. Мұндағы білімді азаматтар елді тастап кетуі мүмкін. Босқындар Пәкістан арқылы Иранға, Түркияға бас сауғалауы ықтимал. Ауғанстанның әлеуеті алдағы жарты жылда нақты белгілі болады дейді сарапшылар.

Ерлан Қарин, халықаралық қатынастар жөніндегі қазақстандық кеңестің төрағасы:

– Ауғанстандағы жағдайдан Қазақстанға тікелей қауіп жоқ. Ал босқындарды біздің елге әкеледі деген жалған ақпарат. Бұл мүмкін емес. Алайда біз жағдайды бақылап отыруымыз керек.

Зерттеушілер Ауғанстандағы қазіргі жағдай биліктің жүйесіздігінен деп отыр. Себебі бұған дейін қарапайым халық әділетсіздік болса, жәбірлеушіні таба алмай, дала командирлеріне жүгінуге мәжбүр болатын.  Яғни, тәртіп ешқандай қылмыстық кодекссіз жолға қойылатын болған.

Өміртай Бітімов, Қазақстанның Ауғанстан ислам республикасындағы бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі:

– Іс жүзінде әскерлер, қауіпсіздік күштері, бюджет донорлар есебінен қолдау тауып тұрды. Осы 20 жыл ішінде әлеуметтік, білім беру, мәдениет және өмір сүру салтында өзгерістердің болғаны анық. Біз де гуманитарлық көмек көрсетуге қол ұшымызды создық. Әскердің жабдықталуы да жоғары еді. Биліктің ішкі жүйесіздігі оқиғаның осылай аяқталуына негізгі себеп болып отыр.

Қазақстандық саясаттанушылардың пікірінше, тәліптердің жаңа басқару институттарын құруы қиынға соғады. Себебі кадр мәселесі олар үшін өте күрделі. Ал Ауғандағы ахуал бақылап отыруды қажет етеді дейді сарапшылар.

Айнұр Қуатқызы