425,79 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қарағандыдағы саяжай кооперативінен дау шықты

  • 1000
  • UPD: 20:59, 16.08.2021

Қарағандыдағы саяжай кооперативтерінің бірінде төраға мен халықтың арасында дау туды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қос тарап бірін-бірі қорқытып-үркітіп қана қоймай, қол көтеруге дейін барған. Мұның соңы қылмыстық істің қозғалуына әкелген.

Ал екі тарап бір байламға келе алмай жатқанда, саяжай қоғамының коммуналдық қызмет алдындағы қарызы бастан асып кетті.

«Оптимист» деп аталатын бұл кооператив Қарағанды қаласы бойынша ең үлкен саяжайлардың бірі болып есептеледі. Құрамында бір мыңға жуық адам бар. Әр саяжай иесі бір маусымға 26 мың теңге төлейді. Қос тарап арасындағы текетірес ревизиялық комиссия тексерісінен кейін бірнеше миллион теңгенің жетіспейтіні анықталғанда басталған.

Вера Дербеденева, «Оптимист» тұтынушылар кооперативінің мүшесі:

– Ревизилық комиссиядан кейін біз тәуелсіз аудиторларды шақырдық. Олар құжаттардың жай-күйін көріп таңқалды. Себебі құжат деп жүргені бухгалтерлік есеп талабына сай келмейді екен. 5 миллион теңгеге жуық қаржының жетіспейтіні анықталды.

Олег Савин, «Оптимист» тұтынушылар кооперативінің төрағасы:

– Қазір қолымда ешқандай құжат жоқ. Олар полицияда. Ал 5 миллион теңгені мен білмеймін. Мен жұмысқа өткен жылдың мамыр айында кірістім. Мүмкін аталған қаржы сол мерзімге дейін төленген болар.

Тұрғындар осы іс бойынша әділдік іздеп полицияға шағымданған. Қазір сеніп тапсырған мүлікті қолды ету бабы бойынша іс қозғалды.

Бақытжан Құдияров, облыстық ПД баспасөз қызметінің басшысы:

– Теміржол ПБ 51 жастағы азамат арызданып, сондағы тұтынушы кооперативінің төрағасын жауапқа тартуды сұраған. Аталған факт бойынша ҚК 189 бабына сай қылмыстық іс қозғалды, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, саяжай иелері мен қазіргі төрағаны қолдаған бір топ азамат арасында тағы бір әкімшілік іс қозғалған. Себебі олар тұрғындарға қоқан-лоқы көрсетіп, қол көтерген.

Оксана Охремчук, «Оптимист» тұтынушылар кооперативінің мүшесі:

– Біздің саяжайларда болып жатқан жайттардың қасында 90-шы жылғы қылмыстар әдірең қалады. Менің ісім бойынша әкімшілік сотта үкім шығуы тиіс. Басыма соққы тиіп, жарақат алғам. Ылғида мәселенің басын ашып сөйлесейік десек, қоқытып-үркітіп, ұрып-соғуға дейін барады.

Қос тарап екі жаққа тартқанда, коммуналдық шығынға шаш етектен батып, су құбырлары жарылып қалған. Қазіргі қарыз көлемі де 5 миллионға жуықтаған.

Пётр Ражин, «Оптимист» тұтынушылар кооперативінің басқарма мүшесі:

– Құбырлардың сау тамтығы қалған жоқ. Су ағып, мына жер батпаққа айналды. Енді көршілес тұрған кооперативті де су басып жатыр. Оны да жөндейтін ешкім жоқ. Бірақ далаға кеткен судың ақшасын төлеу керек болады.

Саяжай иелері 500-ден астам тұрғынның қолын жинап, төрағаның кетуін талап еткен. Ал ол тұрғындар алдымен маған жала жапқандары үшін кешірім сұрасын дейді. Қос тарапты бір байламға келтіруге әкімдік те атсалысқан. Бірақ нәтиже болмапты.

Сәлжан Балаубаев, Октябрь ауданы әкімдігінің құқық бөлімі басшысы:

– Бұл саяжай иелері коопетиві. Ол ешқандай мемлекет пен әкімдікке бағынышты емес, өзін-өзі қаржыландырады. Сондықтан бұл іске мемлекеттік мекеменің араласуы заңсыз болып есептеледі. Сондықтан қос тарап бір мәмілеге келе алмса, онда шешімін тек сот шығарып береді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы