Қызылордадағы корей батырының сүйегі тарихи отанына қайтарылды

Сыр елінде генерал Хон Бом Доның сүйегін Корей елінің өкілдеріне табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол үшін Қызылорда қаласына Корея Республикасының патриоттар және ардагерлер жөніндегі министрі Хван Ги Чхоль бастаған делегация келді. Бұл шара екі ел басшыларының келісімі негізінде жүзеге асып отыр. Шетелдік меймандарды облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бастаған топ күтіп алды.

Облыс басшылығы Корей елінің делегациясын әуежайдан күтіп алды. Мұнан кейін олар «Хон Бом До» мемориалдық кешеніне барды. Осы жерде өз халқының азаттығы үшін күрескен генералдың сүйегін отандастарына тапсыру рәсімі өтті.

У Вон-Шик, Хон Бом До атындағы қор төрағасы:

– 1868 жылы дүниеге келген Хон Бом До – өткен ғасырдың басынан бастап жапон басқыншыларына қарсы қарулы күресті бастағандардың бірі. 1919 жылдан бастап «Тәуелсіздік армиясының» көрнекті ұйымдастырушысы болды. Азаматтық соғыс аяқталғаннан кейін Хон Бом До Кеңес Одағы аумағында өмір сүріп, 1937 жылы Қызылорда қаласына жер аударылды. Өмірінің соңғы жылдары жергілікті корей театрында күзетші болып жұмыс істеп, 1943 жылы 25 қазанда Қызылорда қаласында 75 жасында қайтыс болды.

Хван Ги Чхоль, Корея республикасының патриоттар мен ардагерлер жөніндегі министрі:

– Генерал Хон Бом Доның отанына оралуы, Корей халқына патриоттық рух сыйлары сөзсіз. Бұл Көрей елінің тәуелсіздігін нығайту жолындағы шаралардың маңызды бір бөлігі деп айтуға болады. Айтулы шараны жоғарғы деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылығымызды білдіреміз.

Осы ретте, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ұлт азаттық көтерілісінің батыры, генерал Хон Бом Доның сүйегін туған жеріне қайтару екі ел арасындағы татулықты одан әрі нығайта түсетінін атап өтті.

Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:

– Биыл ел тәуелсіздігінің мерейлі 30 жылдығында Сыр елінде көптеген игі іс шаралар атқарылуда. Мемлекетаралық деңгейдегі шаралар да көрініс табуда. Осы ретте, біздің республикамыздың тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған елдердің бірі – Көрей мемлекетімен достық байланыс нық орнығып, ұлттық мүдде тоғысқан ізгі істер қолға алынғаны белгілі.

Мұнан соң қос тарап облыстық мекемелер үйінде кездесті. Басқосу барасында білім, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, туризм салаларындағы бірлескен жобалар талқыланды. Батыр бабаларының туған топырағына қайта оралуына себепші болып, ыстық ықыласы мен шынайы ризашылығын аямаған қазақ еліне делегация мүшелерінің де алғысы ерекше. Осылайша, Корей елінің қаһарманы Отанына оралды.

Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхаммед Байділдаев