Алматы облысындағы ауыл тұрғындары ауыз суды әлі күнге дейін тасып ішеді

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Әймен ауылы тұрғындарының бір бөлігі тіршілік нәрінен тарығып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Екі мыңнан аса адам тұратын елді мекенде ауыз су құбыры бар болғанымен, су жоғары жақтағы үйлерге жетпейді. Көпшіліктің көкейкесті мәселесіне тілшіміз үңіліп көрді.

Әймен ауылының жоғары бөлігінде тұратындар тіршілік нәрін тасып ішеді. Өйткені құбырда қысым аз. Сол себепті су келмейді. Бұндай жағдай әсіресе Жәмилә Ибрагимова сияқты егде жастағыларға қиын болып отыр.    

Жәмила Ибрагимова, Әймен ауылының тұрғыны:

– Су жоқ, енді не істейтінімізді біз білмейміз. Балалар келеді жұмыстан, су жоқ.

Кәрібай Мұқалиұлы, Әймен ауылының тұрғыны:

– Су жоқ. Қыста ана көшеге барамыз, бір ыдысымызды сүйреп ап. Ішетін суға жарымаймыз. Ал қайта әкім көмек беріп, көлікпен су беріп жатыр. Әйтпесе одан басқа су жоқ.

Әкімдік өкілдері ауыз су мәселесі аудандық су торабының тартылуымен шешілетінін жеткізді. Өткен жылы басталған жобаның бүгінгі күнге дейін бір бөлігі аяқталған. Соның нәтижесінде іргелес жатқан Бөлек ауылына тіршілік нәрі беріліп жатыр.  

Гүлизар Мұстафаева, Бөлек ауылының тұрғыны:

– Биыл суды тоқтатпай, тұрақты түрде бергеніне өзіміз де таң қалдық. Ұсақ-түйек жөндеу жұмыстары болмаса, су ағып тұр. Ризамыз.  Шынын айтқанда, өзіміз 2002 жылдан бері осында тұрамыз. Су бір жыл ғана жақсы берілген. Ал осы көктемнен бастап жақсы ағып жатыр.

Ауқымды жобаға 4 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген. Оған құбыр тартылып, суды сүзгіден өткізетін нысан салынып жатыр. Осы уақытқа дейін құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. 

Асхат Аңсатбаев, Еңбекшіқазақ аудандық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

– Еңбекшіқазақ топтық ауыз су құбырының 75 процент жұмысы аяқталды. 45,5 шақырым топтық су құбырының 45,3 шақырымы аяқталды. Еңбекшіқазақ топтық су құбыры 2020 жылы Жұмыспен қамту бағдарламасымен жүзеге асқан болатын.

Құбыр тарту жұмыстары келесі жылдың жазында аяқталады. Сол кезде Есік қаласымен бірге Бөлек, Әймен, Қарасай, Өрікті сынды сегіз ауылдың ауыз су мәселесі толықтай шешімін табады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев