Оқу жылы басталуға жақын, ал Жаңақорғандағы мектеп құрылысының бітетін түрі жоқ

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы 300 оқушы асыға күткен жаңа мектептің құрылысы кестеден кешігіп жатыр. Іргетасының қаланғанына бір жыл өтсе де, әлі күнге дейін кірпіш қалау жұмыстары аяқталмаған, деп хабарлайды «Хабар 24». Ал балаларын алыстағы мектептерге автобуспен тасымалдап мезі болған ата-аналар құрылыстың баяу жүріп жатқанына наразы.

Жаңақорған ауданының орталығы жыл сайын кеңейіп келеді. Жаңадан тұрғын үйлер бой көтеріп, шағын аудандар көбеюде. Осыған орай мектеп қажеттілігі де туындаған. «МАИ бекеті» ықшам ауданы аумағынан салынып жатқан 300 орындық оқу ошағы биыл қыркүйек айында пайдалануға берілуі керек болатын. Алайда құрылысы межелі уақытында аяқталмайтын түрі бар. Бұған балалары алыстағы мектепке қатынап оқитын ата-аналар алаңдаулы.

Кәмшат Рүстемова, Жаңақорған кентінің тұрғыны:

– Жұмысқа уақтылы баруымыз керек. Баланы салып жібересің. Газельге мінгіземіз баланы. «Бала барды ма?» деп мұғалімге қоңырау шалып отырамыз. Екі ортада қиналамыз. Уайымдаймыз. Мектебіміз алыс болып тұр.

Құрылыстың басталғанына бір жылдан асып барады. Әлі күнге кірпіш қалау жұмыстары жүріп жатыр. «Әдетте мұндай нысандар 6 айда салынып бітуі тиіс», – дейді сарапшылар. Мектептің тым баяу салынуының себебін мердігер мекеменің өкілі былай түсіндірді.

Өтепберген Рахманбаев, мердігер мекеме директорының кеңесшісі:

– Бұл мектептің жобалық-сметалық құжаты осыдан 5 жыл бұрын жасалған. Қазіргі нарықтың бағасына байланысты қиналып қалып жатыр. Бұрын жасалған бағамен қатып қалып тұр ғой. Одан артығын бермейді. Өйткені тендерден ұтып алып отырмыз. Өзі 705 млн теңге, оның 500 миллиондайы игерілді. 205 миллиондай қалды.

Жаңақорғанда 600 орындық тағы бір мектеп салынып жатыр. Пандемияға орай бұл нысанда да бірқатар қиындық болған. «Соның ең бастысы – құрылыс материалдарының бағасының аспандап кетуі», –дейді мамандар.

Мұхаммед Әбдуәлиев, мердігер мекеме директорының орынбасары:

– Құрылыс материалдарының кейбір заттары 2 еседен де көп қымбаттап жатыр. Амал жоқ, соған қарамастан құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Құрылыс материалдары заттарының сәл тапшылығы да болып жатыр. Оны басқа облыстардан алдырып жатырмыз. Осы Қызылорда облысынан, Шымкент қаласынан алдыртып жатырмыз. Бірақ құрылысты тоқтатып жатқан жоқпыз.

Ал құрылыс басқармасындағылар құрылыс материалдары қымбаттағаннан кейін салынып жатқан нысандар бойынша бөлінген қаржыны есептеу шаралары басталғанын айтты. Бұл тізімде Жаңақорған кентіндегі 300 орындық мектеп те бар. 

Қуаныш Өтегенов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы:

– Бүгінгі күні мемлекеттік аудит департаментімен тексеру жұмыстары жүргізілуде. Нысан бойынша қаржылық операциялар тоқтатылған. Дегенмен мердігердің өз қаржысы есебінен құрылыс жұмыстары жалғасуда. 2021 жылдың 1 қыркүйегінде аяқталуы керек болатын. Бүгінгі күні бекітілген құрылыс кестесінен кешіктіріліп жатыр. Құжаттары дайындалып, Қызылорда облысының ауданаралық экономикалық сотына жолдау жоспарланған. Әрбір кешіккен күнге айыппұл өндіру және мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану бойынша талап арыз жолданатын болады.

Мердігер мекеме өкілі Жаңақорғандағы жаңа мөлтек ауданның оқушылары жаңа мектепте қараша айынан бастап оқуы үшін тырысып жатқандарын жасырмады. Ал оған дейін жүздеген бала бұрынғыша алыстағы 3 мектепке тасымал арқылы қатынайтын болады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхаммед Байділдаев