Отты сөздерімен сиқырлы спорттың сырын ашқан Амангелді Сейтханов...

Қазақ журналистикасы қара жамылды. Қазақ телевизиясына еңбегі сіңген журналист, ақпарат саласының үздігі, әйгілі спорт комментаторы Амангелді Сейтханов 52 жасында дүниеден озды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Марқұм 1969 жылы 11 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданында дүниеге келген. Қалың көрермен іздеп отыратын біртуар тұлға көзінің тірісінде-ақ аңыз адамға айналды. Спорт журналистикасында өзіндік өрнек, мектеп қалыптастырды.

Иә, бұл дүниедегі дәм-тұзы таусылып, Амангелді ағамыз мәңгі ұйқыға кетті... Ол кісі туралы өткен шақта айту бізге де оңай болмай тұр. Қазақ спорт журналистикасы қара нарынан қапылыста айырылды. Тілшілердің үлкен-кішісіне бірдей құрметпен қарайтын, жүзі жарқын жанның бүгін арамызда жоқтығы қабырғамызды қайыстырды. «Бір өзі үлкен мектеп еді», – дейді шәкірттері. Яғни журналистикада шоқтығы биік мектеп қалыптастырған тұлға. Ол әуелі бүкіл жігерлі жастық жалынын осы салаға сарп еткен жан. Соңғы буынға үлгі болып қана қоймай, соңғы кезде «Хабар 24» арнасында шығарушы редактор қызметін атқарды.

Аслан Қаженов, тілші:

– Бізбен бірге футбол ойнайды. Редакцияда қалжыңдасып күресіп, қол күрестіретінбіз. Анау-мынау ауруға берілетін адам емес еді негізі. Көбі қазір әлеуметтік желіде жазып жатыр ғой, «Амангелді ағамен бір тілдескіміз, бір танысқымыз кеп еді» деп өкініш білдіріп жатыр. Бізге осындай бақыт бұйырды. Әлі күнге дейін мына есіктен кіріп келіп, бәріміз өре түрегеліп амандасатын сияқты күйдеміз.

Амангелді Сейтханов – «Хабар» агенттігінің іргесін қалаған ардагерлердің бірі. Хабар «тәй-тәй» басқаннан бері де осы арнадан қол үзбей, үзеңгілестерімен бірге жүрді. Ол сонау жылдары айтыс аламанында да атой салған суырыпсалма ақын. Журналистігі бір төбе болса, шешендігі де бір белес еді.

Зейін Әліппек, «Хабар» телеарнасының жүргізушісі:

– 1997 жылы «Хабар» арнасында қайтадан басымыз тоғысты. Ондағы ағамыздың жұлдызы жанған кезеңдер 1997 мен 2000 жылдар болды. Амангелді ағамыздың жұрт әлі күнге дейін осыдан 20 жыл бұрынғы спортты жүргізгендегі сөздерін тұтастай жатқа айтады. Өмірден жақсы адам өтті...

Ол осындай отты сөздерімен сиқырлы спорттың сырын ашатын. Амангелді Сейтханов қазақ спорт журналистикасының негізін қалауға атсалысты. Жұмыр жердегі сан додадан қазақ жұртына сан мәрте сауын айтып, салтанатымызды асырған еді. Футболдан әлем чемпионатын тұңғыш рет қазақ тілінде жүргізген білікті комментатор. Ала допты «ұршықша» сөзбен ғана емес, аяқпен де иіріп алаңға да шығып жүрді. Спортты жанындай сүйді. Құнды тәжірибесін жастармен бөлісіп, ізін басқан мамандарға үйретіп кетті.

Әзиз Жұмаділ, «Бақ лига» ұйымдастырушысы:

– Астанада жүрген кезде «Бақ лиганың» бір де бір ойынынан қалмайтын. Ол кісіні алаңға шығарғанның өзі мәртебе. Футболды бізден кем ойнамайды. Жастармен арқа-жарқа болып, алаң сыртында да жастармен шүйіркелесіп жүретін ардагер ағамыз болды. Соңғы рет «Әзизжан, мен ойнап алайын, екі аптаға демалысқа кетіп бара жатырмын» деп еді. Содан оралмады. Әлі де келетін сияқты көрінеді.

Амангелді аға – аңқылдаған ақжарқын көңілімен де көрерменді баурап, әлемнің алты бұрышынан алашына жағымды жаңалықтың жаршысы болған жампоз жан. Тумысынан сөзі мен адами асылдығы жарасқан тұлғаның өткен жолы да, халықтың жүрегінде алар орны да бөлек. Ал оның есімі отандық тележурналистика тарихына ғана емес, тұтастай спорт шежіресіне алтын әріппен жазылып қалары сөзсіз.

Авторы: Айнұр Қуатқызы

Сондай-ақ...