Түркістан облысында сотпен 50-ге жуық тойхана қара тізімге алынды

Елде қауіп күшейіп, коронавирус талай жанды, кәрі тұрмақ жастарды қыршынынан қиып жатқаны белгілі.

Бірақ карантинге бағынбаймыз. Жиын-той көп. Соттың шешімімен жабылған мейрамханалардың өзі есік-терезелерін тарс бүркеп, түрлі айлаға баруға дайын. Түркістан облысында 50-ге жуық тойхананың ісін енді сот қарайды.

Балқаш қаласында мониторингтік топ мейрамханада жасырын өтіп жатқан үйлену тойының үстінен түсті. Бірақ тойхана әкімшілігі есікті жауып алып, рейд мүшелерін ішке кіргізбеген. Сөйтіп, өрт сөндірушілердің көмегімен терезе арқылы түсуге тура келді. Отбасылық мерекеге шамамен 50 адам жиналғаны белгілі болды. Енді санитарлық талаптарды өрескел бұзған мейрамхана қожайыны 670 мың теңге, сонымен қатар қонаққа келген әр адам 90 мың теңгеден айыппұл төлеуге мәжбүр.

Түркістан облысында да той-жиын өткізу толастар емес. Мониторингтік топпен жыл басынан бері 700-ден аса отбасылық мереке әшкереленді. Оның жартысынан көбі банкет залдарына өткен. Бір өкініштісі, кейбір тойхана қожайындары сот шешімімен уақытша жабылса да, мерзімі аяқталысымен той өткізуді жалғастырған. Қазір сотпен 50-ге жуық тойхана қара тізімге алынды. Заңға сәйкес олардың жұмысына тыйым салынуы мүмкін.

Ардақ Берденова, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі:

- Жыл басынан бері 3899 мыңнан аса хаттама толтырылып, 224 млн теңгеден аса айыппұл салынды. Оның ішінде тойханалар да бар.

Ал Атырау облысында эпидемиологиялық жағдай күннен күнге нашарлап барады. Соңғы тәулікте қауіпті індет 562 адамнан анықталды. 93 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Емханаларда науқастарды жоспарлы қабылдау уақытша тоқтатылды. Бірақ тұрғындар денсаулығына қатысты сұрақтармен өздерінің учаскелік дәрігерлеріне хабарласа алады.

Әлия Бақтығалиева, қалалық №4 емхана дәрігері:

- Онлайн түрде консультация беруді бастадық. Біздің поликлиникада адам көп. Коронавирусқа қарсы вакцина тоқтатылмайды, ал балаларға қатысты күнтізбелік екпе әзірге тоқтатылады. Шұғыл түрде көмек қажет болса, онда ол науқас қайтарылмайды, міндетті түрде медициналық көмек алады.

Коронавирус инфекциясының таралуы бойынша Қостанай облысындағы жағдай да ушығып тұр. Өңірдің «қызыл» аймаққа кіргеніне бір айдан асты. Соңғы тәулікте қауіпті індетті тағы 273 адам жұқтырды. Олардың дені Қостанай, Рудный және Жітіқара қаласының тұрғындары. Ал облыста екпе егу науқаны басталғалы Спутник Ви, QazVac, CoronaVac және Hayat-Vax вакциналарының алғашқы компонентін 280 мыңға жуық адам салдырған.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Жандос Жұмабек, Ардақ Қабыханов, Асланбек Шығыр