Оралда оқушылар мектепке бару үшін күн сайын теміржолды кесіп өтуге мәжбүр

Оралда апатты мектеп бір жыл бұрын сүрілді. Бірақ жаңа ғимараттың құрылысы әлі басталмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқушылар енді сабаққа басқа мектепке барады. Тек алаңдайтын жайт, жеткіншектер күн сайын теміржолды кесіп өтеді. Ал айналма жол ат шаптырым жер. Осыған алаңдаған ата-аналар құрылысты тездетуді талап етіп отыр.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жобаны инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асыру жоспарланған. Бірақ кейін келеңсіздіктер туындаған көрінеді.

Блиц 1:

- Міне, біздің жүретін жеріміз осы. Осы жерден өтеміз мына пойыздың жолынан. Осы жер қауіпті. Мына жерге жүк пойыздары келеді.

Блиц 2:

- Бізді көрсе, айыппұл төлетеді. Бірінші рет ескерту берді бізге, болмайды деп. Біз енді қалай өтеміз? Басқа жол жоқ.

Таудай үйілген қоқыс, шаң, ат бауырлайтын қалың шөп, теміржол. Мектепке баратын жолдың сиқы осы. Балалар сабағына барып келгенше ата-аналар уайымға батып отырады. Әсіресе, теміржол жұрттың жүйкесін жұқартты. Әкімдік жаңа мектеп салынғанша бір жылдай шыдай тұруды сұраған. Алайда түйткілдің тарқатылатын түрі жоқ.

Айымгүл Қайрош, қала тұрғыны:

- Мектеп мынандай болады дегесін тіпті қатты көңіліміз түсіп кетті, шыны керек. Білмеймін енді, мектебіміздің орнына жаңа мектеп салып берсе деп ойлаймын. Мүлдем қиын өзіме, шыны керек. Жалғыз болған соң, бесеуін анда-мында тасып жүргесін маған қиын болды. Енді былтыр шыдадық. Биыл білмеймін енді, сол қиындықты қайтадан көретін болармыз деп ойлаймын.

Апатты мектепте 400-ден астам бала оқып келді. Қазір соның барлығы жақын маңдағы білім ордасына уақытша көшірілді. Оның үстіне тұтас еңбек ұжымы да осында келді. Дерт дендеген уақытта бір мектепте балалар мен қызметкерлер саны 2 есе көбеюі алаңдатады. Ал таршылық қашанға дейін созылатыны белгісіз екенін ескерсек, жағдай тіптен қорқынышты.

Аманжол Хаиров, қалалық №31 орта мектептің директоры:

- Негізгі құрамы орыс мектебінің оқушылары 330 баладай, қалған 70 шақтысы қазақ сыныптарының балалары. Мұғалімдер саны бізде 44. Кіші қызметкерлерден 17 адам бар. Оқушылармен бірге 1 жыл бойы осында жұмыс жасап шықтық. Қазір ешкімге гарантия жоқ. Бір бала бір жағдайға түсетін болса, ол кезде онда қиын болады. Сондықтан да оған жеткізбей, тездетіп мектептің ғимаратын салып, балалардың тездетіп орындарына барғанын қалаймын.

Жаңа мектеп ғимаратын инвестордың есебінен салу көзделген. Құрылыс былтыр басталуы тиіс еді. Әйткенмен іргетасы енді қашан қаланатыны әкімдікке де беймәлім боп шықты. Апатты мектеп аумағында «Шапағат» оңалту орталығы орналасқан. Инвестор ол ғимаратты да жаңғыртып беруді ойлаған. Алайда әлеуметтік нысан биыл аукцион арқылы басқа компанияға беріліп қойыпты.

Әлібек Антазиев, БҚО Құрылыс басқармасының басшысы:

- Мектеп салуға ниет білдірген инвестор «Шапағат» орталығы орналасқан аумақты да беруді сұрады. Өзара келісім негізінде әлеуметтік нысанды мектепке қосып, білім кешенін ашуды жоспарладық. Инвестор аукционда ғимаратты алып, жұмысына кірісуі керек болған. Әйткенмен аукционда ол аумақты алматылық компания алып кетті. Ал ол кәсіпорынмен байланыс жоқ. Кәсіпкерге жеке хабарласып, ғимаратты қандай мақсатта қолданғалы жатқанын сұрадым, бірақ ешқандай нақты жауап ала алмай отырмын.

Облыстық құрылыс басқармасы қадағалау органдарына алматылық компания үстінен шағым түсірмек. Онсыз да сағызша созылған жоба енді сот процесін күтетін сыңайы бар. Ал ата-аналар кемінде тағы бір жылды уайыммен өткізетін болды.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов

Сондай-ақ...