Алматының шеткі аудандарындағы жол мәселесі қашан шешіледі?

Шұңқыры көп «Құрамыс», сол көшеде тұрамыз!

Алматының Наурызбай ауданына қарасты «Құрамыс» ықшам ауданында биыл жоспарға сай 16 көше жөнделуге тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда, жыл басынан бері жұмыстың тек жартысы ғана аяқталған. Жаңбыр жауса әлі де жөнделіп бітпеген көшелерден көлікпен жүру былай тұрсын, жаяу өтудің өзі машақатқа айналды. Мұндай жағдай өзге ықшам аудандар мен қала орталығында да кездеседі.

«Құрамыс» шағын ауданындағы Балбырауын көшесінің көрінісі осындай. Жай-күйі кетіп-ақ тұр. Бір жыл бұрын 16 көшеге орталықтандырылған ауыз су мен кәріз жүйесін жүргізу жұмысы басталған еді. Құбырларды тарту жұмысы толық аяқталды. Алайда асфальт әлі төселмей жатқандықтан жол талғамайтын көлікпен жүрудің өзі оңай емес. Өйткені көшедегі люктердің беті жабылмаған, ұңқыр-шұңқыры жамалмаған.

Тимур Омаров, қала тұрғыны:

- Қараңыздаршы, мына жер тегіс болатын, эксковатор келді де, себепсіз қазып кетті. Шұңқырдың бұлай жатқаны үшін мердігерлердің біреуі жауап бермеді.

Еркін Исраилов, қала тұрғыны:

- Қыста қорлық көрдік, шынын айтқанда. Траншея қазып тастап, қыста бір айдан астам жұмыс жүргізбей, мына бұрынғы жүргізген су құбыры қатып қалып, біраз үй ауыз сусыз отырдық. Қазір салған канализация мен суы қазір өткізгенімен 3-4 жылдан кейін қосылады дейді әр үйге. Магистральдық канализацияға әр үй қалтасынан ақша шығарып, өздері қосылып, жұмыскерлерді жалдап өздері жасады.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Ал бұл жұмысқа жауаптылар болса биыл «Құрамыста» 10 шақырым су құбыры және 9 шақырым кәріз жүйесі толық тартылып біткендігін айтады. «Әкімдік кәріз жүйесін әр үйдің ішіне тартуға міндетті емес. «Ол көшеге жүргізілген соң әр үй оған өз бетінше қосылу керек», - дейді мамандар.

Бұл Наурызбай ауданына қарасты «Ақжар» шағын ауданындағы Төлебекөв көшесіндегі жағдай. Әуезов ауданындағы Садовников пен Лазерев көшелеріне де су және кәріз құбыры тартылғанымен асфальт төселмей отыр. Бұл туралы көктемде көрсеткен едік. Сол уақытта жергілікті билік мамыр айында жасап бітеміз деген болатын. Бірақ айтылған сөз орындалмапты.

Ерғазы Нысанов, қала тұрғыны:

- Мынадай жолмен жүру мүмкін емес, ай сайын көлікті жөндететін болдық. XXI ғасырда осындай мәселені жылдам шешуге болады ғой, түсінбеймін.

Иван Петров, қала тұрғыны:

- Олар кәріз құбырын өткен жылы төсеп, сол күйі тастап кетті. Мамырда жол жасаймыз деген, қазір тамыз болды. Мына қаптаған шұңқырларға көлік дөңгелегі түсіп кете береді.

Жалпы Алматы қаласында 2500-ден аса көше бар. Қалалық мобильділік басқармасының мәліметінше, биылғы жол жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 15 млрд теңге бөлінген. Бұл ақшаға 212 көше жөнделуі тиіс. Олардың басым бөлігі шеткі аудандарда орналасқан көшелер.

Ернұр Абжахан, қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары:

- Мұнда жыл сайын орташа жол жөндеу жұмыстары жасалмайды. Өйткені орташа жөндеу жұмыстарының арасы 5 жыл. Мысалы, жолдың сапасы көлік жүруге жарамды болса, әрі қарай пайдаланыла береді. Асфальт жамылғысының сапасын мамандандырылған арнайы компания тексереді. Қазір жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қала ішіндегі 20 ірі көшені қыркүйекке дейін бітіреміз. Қалған шағын көшелер қазанның соңына дейін аяқталады.

Әкімдік өкілдері шеткі аудандардағы көшелерді күздің ортасына таман жасап бітіреміз деп уәде етіп отыр. Жолдың жақсаруын тұрғындар да асыға күтіп келеді. Ал жөндеу жұмыстарының кешігу себептері белгісіз.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев, Нұрдәулет Жақсыбаев