Атырауда заңсыз ауланған төрт тоннадан астам балық тәркіленді

Атырауда заңсыз ауланған 4 тоннадан астам балық тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жайық-Каспий» облысаралық балық шаруашылығы инспекциясы Құрманғазы аудандық бөлімінің қызметкерлері шекара қызметкерімен бірлесіп, 15 тамызда рейд өткізген.

«Іс-шара кезінде Құрманғазы ауданындағы Иголкино каналы бойынан шағын кеме тексерілді. Кемеден 4 тонна 361 келі балық тәркіленді. Оның ішінде 2 563 келі сазан, 83 келі сыла, 772 келі жайын, 264 келі мөңке, 360 келі шортан, 319 келі көксерке балығы Иголкино учаскесінен тыйым салынған мезгілде заңсыз ауланған. Тәркіленген балық сол күні «Амангелді» ЖШС-ына тапсырылды. Ал шағын кеме Құрманғазы балық инспекциясы бөлімінде уақытша сақтауға қойылды», - деп хабарлады инспекция маамндары.

Аталған балық түрлерін заңсыз аулаудан мемлекетке 23 161 563,4 теңге көлемінде шығын келген.