425,73 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

COVID-19: Қарағандылық кәсіпорындар науқастарға тегін оттегі жеткізуде

  • 146
  • UPD: 08:47, 18.08.2021
COVID-19: Қарағандылық кәсіпорындар науқастарға тегін оттегі жеткізуде

Қарағандылық кәсіпорындар коронавирустық инфекция жұқтырған науқастар жатқан госпитальдарға тегін оттегі жеткізуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерікті түрдегі жұмыстар 24 сағат бойы жалғасқан. Қазір аймақта індет жұқтырғандар саны күн санап артып барады.

Қарағанды машина жасау зауытының оттегі құю қызметі қазір сұраныста тұр. Себебі індет жұқтырып, өкпесі қабынғандарға оттегі керек. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы зауыттың 99,7% таза оттегі өндіретінін біліп көмек сұраған. Зауыт өкілдері сөзге келмепті.

Досхан Түсіпов, компрессорлық учаске басшысы:

– Соңғы аптада бізден 200 баллон алды. Бүгінгі күнге дейін. Таңғы сағат 4-5-те келеді. Екі ауысымда істегеннен кейін оттегі баллондарын жіберіп жатырмыз.

Өткен жылдан бері ауруханалар маңына орталық кислород тарату станциясын салу жұмыстары қолға алынған. Қазір Қарағандыдағы 4 госпиталь маңында бұл құрылғы қызмет етіп тұр. Нәтижесінде 26 ұйым орталық оттегі станциясына қосылған.

Ержан Нұрлыбаев, облыстық клиникалық аурухана директоры:

– Өндіріс ошақтары бізге бірден қолдау көрсетті. Індет асқынған шақта тәулігіне 500-ден 700-ге дейін баллон қажет болды. Соның 70 процентін демеуші кәсіпорындар толтырып берді. Бұл өкпесі қабынған пациенттерге дер кезінде көмек көрсетуге ықпал етті.

Тек бүгіннің өзінде Қарағанды облысында КВИ жұқтырған 1100 адам анықталды. Жалпы алғанда 2800-ге жуық адам емханада жатыр. 150-ге жуығы жансақтау бөлімінде, оның 31-і ӨЖЖ аппаратына қосылған.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы