Атырауда баспанасыз жүргендер вакцина ала алмай жүр

Атырауда баспанасыз жандар вакцина салдыруды бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазірдің өзінде бейімдеу орталығындағы 5 адам қауіпті індетке қарсы екпе алып үлгерді. Десе де туындайтын қиындықтар да жоқ емес. Бірінің денсаулығы көтермесе, кейбірі құжатсыз жүргендіктен вакцина салдыра алмайды. Ал орталықтың шешілмеген мәселелері де бар.

Бұл орталық – баспанасыз жүрген жандардың жылы ұясына айналған мекен. Мұнда қазір 19 адам тұрып жатыр. Олардың бесеуі ерікті түрде екпе алуға ниеттеніп, қауіпті індеттен қорғануға қадам жасаған. Ал мұндағы мүмкіндігі шектеулі жандар вакцина салдыра алмайды.

Аманғали Қуатқалиев, бейімдеу орталығының тұрғыны:

– Мамырдың ішінде алдым біріншісін. Екіншісін кейін алдым. Вакцина алғаннан кейін көңіл-күйім жақсы. Жайлап тұрып жатырмын. Жағдайым жақсы.

Бейімдеу орталығындағы 6 адам денсаулығындағы кінәраттың кесірінен екпе ала алмайды. Оған қоса, зейнет жасындағылар мен құжаты жоқ жандар қиындыққа тап болып отыр.

Айман Қазиева, бейімдеу орталығының маманы:

– Іште жатқандарға ауру туралы түсініктеме беріп жатырмыз. Қазір бізде кіріп-шығуларына болады. Бәріне маска тағуларына, далада көп жүрмеулерін айтып жатырмыз. Зейнеткерлік жастарына, үлкен кісілер ауырлығына байланысты алған жоқ. Сосын кейбіреуінің құжаты жоқ. Енді өздеріңіз білесіздер, құжаты жоқ адамдарға салынбайды.

Құжаттың болмауы баспанасыз жүргендерді тығырыққа тірейді. Орталыққа орналасу үшін ПТР-тест нәтижесінің қажет екені белгілі. Ал құжатсыз жандар оны да тапсыра алмайды. Құжаттары жаңартылмағандардың да жағдайы мәз емес.

Гүлден Досжанова, орталық директорының орынбасары:

– Бізге көп қиындық тудырып тұрғаны – 74-жылғы үлгідегі «қызыл» құжат. Сол қиындық тудырады. Оған көп жүріс керек. Кейбір адамдар қайтыс болғандардың қатарынан табылып жатады. Оны қайтыс болғандардан кері қайтарудың өзі көп күш керек, қиындық туындайды. Бізде құжаттандыруға, рентгенге, анализдардан өткізуге ақша бөлінбеген.

Орталықта жатқан адамдардың ем-домы мен медициналық сараптамасы үшін мемлекет тарапынан ешқандай қаржы қарастырылмаған. Басы ауырып, балтыры сыздаған жандар шыбын жан үшін бәріне шыдап бағады. Мемлекет тарапынан қандай да бір көмек болса дейді орталық мамандары.

Сондай-ақ...