423,95 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

БҚО шаруаларының жанайқайы: Су тапшылығы шешілмесе, түліктерді сойып сатудан басқа амалымыз қалмайды

  • 149
  • UPD: 21:20, 18.08.2021

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Қазталов аудандарының шаруалары маңғыстаулықтардың күйін кешуі мүмкін. Кейінгі жылдары өзендердің арнасы күрт төмендеп, көл табандары кеуіп қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Су болмаған соң шөптің шығымы да азайды. Фермерлер енді алдағы қысқа қалай қамдануды білмейді. Шарасыздықтан мемлекеттен көмек сұрайды.

Су іздеп құр сүйегі қалған малдар кеуіп кеткен тоғандардың орнындағы ми батпаққа батып жатыр. Талай түлік дәл осылай өліп те қалды. Әсіресе Жаңақала ауданында жағдай ушығып тұр. 17 көлтабанның қазір тек екеуінде ғана су бар. Тіршілік нәрінің тапшылығы шөп шығымына да кері әсерін тигізері түсінікті. Мал азығын дайындау мұңға айналды. Амалы қалмаған шаруалар облыс әкімімен кездесу үшін қалаға өздері келді. Қызу еңбек маусымында олар шабындық басында емес, дәл осылай атқарушы органдардың табалдырығын тоздырып жүруге мәжбүр.

Айдар Еспенбетов, шаруа қожалығының басшысы:

– Жыл сайын қайталанып келе жатқан жағдай. Төрт жылдан бері. Су тапшылығы, көлтабандарға судың шықпауы. Шаруа қожалықтарының қиналып жатқан кезі. Олардың есебі бойынша, біз 40-50 процент мал азығын дайындады деп айтып жатыр. Осы тұрған мал шаруашылықтарымен айналысатын жігіттер 20-30 процент қана дайындаған болар. Артық дайындап жатқан жоқ. Ол есеп жалған есеп деп айтамыз.

Біржан Айғалиев, шаруа қожалығының басшысы:

– Жеке шаруамен келіп жатқан жоқпыз, жалпы ел үшін келіп отырмыз. Мұқыр өзені, ол тіпті 5-6 жылдан бері құрғап, кеуіп жатыр. Ол Жаңақала мен Мәштексайдың бүкіл малы суға түсетін жері. Былтыр қуаңшылық болды. Сиырлардың жылқының боғын жегенін көрдік, өмірде естімеген, көрмеген нәрсемізді көрдік.

Аймақтағы барлық гидрожүйелердің күре тамыры – Жайық өзені. Ол өзеннің деңгейі жыл санап төмендеп барады. Үлкен қазан ортайса, кіші қазаннан қайран болмасы белгілі. Шаруалардың біразы мемлекеттік бағдарламалар аясында асылтұқымды мал сатып алды. Алайда қазір несиені төлейтін мұршалары жоқ. «Су тапшылығы шешілмесе, түліктерді сойып, сатудан басқа амалымыз қалмайды», – дейді олар.

Нұрсұлтан Хамитұлы, шаруа қожалығының басшысы:

– Процентпен ақшаны қайтарып отырмыз. Мемлекеттің бағдарламасымен жұмыс істеп отырмыз. Бұрын ауылдағы қожалықтарда шөп өздерінен ауысса, сататын еді. Қазір енді ол қожалықтардың өзінде шөп жоқ. Менде, мысалы, сиырдан шығын болды, қойдан шығын болды, төлден шығын болды.

Уәжі мен үмітін арқалап алыстан келген шаруалар аймақ басшысымен ақыры кездесе алмады. Облыстық кәсіпкерлер палатасында түрлі саяси құрылым өкілдерімен бірге мәселе талқыланды. Былтыр Жайықтың жоғары ағысынан келетін суды Ресейден сатып алуға қаражат аз бөлінген. Тиісінше қуаңшылық болып, төрт түлік қыстан әрең шықты. Ал биыл қаржы кеш қаралған көрінеді.

Серік Жарылғапов, Қазақстан фермерлер қауымдастығы БҚО филиалының төрағасы:

– 4 млрд 164 млн теңге бөлінді. Оның 2 млрд 100 млн теңгесі Ресей Федерациясына төленді. Қараөзен мен Сарыөзенмен келетін суға. Сол сулар Жаңақаланың территориясына Қазталов ауданы арқылы кірілетін су. Енді осы судың келіп, қайда барып, қайда жайылып жатқанын, тиісті кімге жетіп жатыр, соны анықтау үшін бүгін жұмыс тобын құру ұсынылды.

Жаңақала мен Қазталов аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Шаруалар мал азығын сатып алуға мемлекет тарапынан субсидия беруді сұрап отыр. Қаражат жеткіліксіз болған жағдайда қолдау шараларын облыс көлемінде емес, дәл осы қос ауданға ғана арнау ұсынылды.

Жасұлан Халиуллин, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Төтенше жағдайлар департаменті мен ауданмен бірлесе отырып, заңды шешімін қарастырмасақ. Себебі ол жерде, менің білуімше, төтенше жағдайда қаражат қарастыру үшін оның екі шығыс көзі бар. Біреуі – ТЖ болғаннан кейін оның салдарын жою. Екіншісі – ТЖ болдырмау үшін алдын алу бойынша шаралар қабылдауға қаражат қарастыру. Мүмкін сол екінші бағыты бойынша заңдылығын қарап, құжаттарды рәсімдеу керек шығар.

Кәсіпкерлер палатасының мамандары жуырда облыс әкімі мен басқа да сала басшыларының қатысуымен тағы алқалы жиын өткізуге уәде берді. Шаруалар әкімдіктен уақытты үнемдеп, нақты істерге көшуді талап етті. Әйтпесе жиналыс пен жиналыс арасында фермерлердің қиналысы жатқаны қынжылтады.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы