425,75 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қарағандыдағы көпқабатты үйлердің іргесінде бетон зауыты салынып жатыр

  • 113
  • UPD: 19:45, 18.08.2021
Қарағандыдағы көпқабатты үйлердің іргесінде бетон зауыты салынып жатыр

Қарағанды қаласында көпқабатты үйлердің дәл іргесіне сұйық бетон өндіретін шағын кәсіпорын салынбақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір бұл төңірек қоршалып жатыр. Құрылыс басталғалы тұрғындардың уайымы күшейді. Өйткені өндіріс ошағынан ұшқан шаң-тозаңның қандай боларын ойша елестете беріңіз. Бір қызығы, бұл жайттан жергілікті билік мүлдем бейхабар екен. Сонда құрылысшылар кімге сеніп зауыт салып жатыр?

Қарағандының ең биік нүктесінде орналасқан Көгілдір тоғандар ықшамауданында қысы-жазы самал жел есіп тұрады. Қаладағы ауасы – ең таза ауданның бірі. «Алайда бетон зауыты салынса, мұның барлығынан айырыламыз», – дейді жергілікті жұрт. 

Гүлнұр Балтабаева, қала тұрғыны:

– Мынадай қиын заманда қалай денсаулығымызды сақтаймыз деп жүргенде, тура мұрнымыздың астынан келіп мынадай бетон зауыт салғанына біз қарсымыз. Ол адам денсаулығына өте зиян. Онымен біз күнде демаламыз. Балалардың, адамдардың өкпесінен түк қалмайды. 

Тұрғындар кәсіпорынның салынуына қарсы емес, тек тұрғын үйден алыс жерге қойылғанын қалайды. Себебі жел үнемі сол жақтан соғатындықтан, ертеңгі күні шаң-тозаңның астында қаламыз деп алаңдаулы. 

Фатима Байтұқова, қала тұрғыны:

– Жер аз ба, ана жаққа қарай салуға болады ғой. Неге салып жатыр деңізші? Шығын аз болуы үшін осы жерге салып жатыр, халықпен санаспайды.

Мердігер компания өкілінің айтуынша, бұл жерге «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көп қабатты 10 үй, мектеп пен емхана салынады екен. Сұйық бетон сол үшін қажет. Ал оны алыстан тасу қосымша шығын, сондықтан іргеде тұрғызуға шешім қабылдаған.

Дәурен Бұрнақов, мердігер компания өкілі:

– Әрине, егер сырттан тасысақ қаншама шығын. Сондықтан осы жерге салып жатырмыз. Ол уақытша тұрады, жылжымалы кәсіпорын. Кейін құрылыс жылжыған сайын оны да көшіріп отырамыз. Кәсіпорын жабық тәсілмен жұмыс істейді. Сондықтан шаң-тозаң болмайды. Барлық санитарлық нормаларды сақтаймыз.

Мердігер осылай деп ақталғанмен, жергілікті билік өкілдері бұл жағдайдан бейхабар болып шықты. Құжат бойынша бұл жерге кәсіпорын салу қарастырылмаған екен.

Әбілқайыр Жұмағұл, қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің заңгері:

– Жоба бойынша мұнда бетон зауыты болмауы керек, тек тұрғын үй салынуы тиіс. Мердігерлердің бұл әрекеті қаншалықты заңды екенін тексереміз. Құрылыс сапасын бақылайтын арнайы басқарма бар. Соларға хат жолдаймыз.

Алайда жергілікті жұрт билік өкілдерінің уәдесіне күдікпен қарайды. Егер кәсіпорын құрылысы тез арада тоқтамаса, жолды жабуға бекініп отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы