425,75 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Таразда 9 млн теңгеге салынған ойын алаңының сапасы сын көтермейді

  • 133
Таразда 9 млн теңгеге салынған ойын алаңының сапасы сын көтермейді

Тараздағы жұрт балалар алаңының сапасына наразы. 9 миллион теңгеге салынған ойын алаңының қазір қызығынан қаупі басым, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әткеншектер орнатылмай жатып істен шыққан. Сырғанақтар мен орындықтардың жетісіп тұрғаны шамалы. Бірнеше рет жарақат алған балаларын ата-аналары қауіпті алаңға жіберуден қорқады. Енді жағдай түзеле ме, жоқ па? Оны тілшіміз айтсын.

Оныншы шағын ауданда орналасқан үй тұрғындары балалар алаңын айналып өтуге тырысады. Балалар әткеншектен гөрі скейт тепкенді жөн көреді. Батылы барғандар қауіпті алаңда ойнап жүр. Бірақ орнынан қозғалып тұратын ойыншық құралдарды қолмен ұстап тұруға тура келеді.

Күлән Ибраева, қала тұрғыны:     

– Балалар ойнай алмайды. Балалар алаңының түрі мынау. Бір-ақ ай тұрды, одан кейін бітті барлығы. Ешқандай ештеңе жоқ бізде. Бір ауылда тұрған сияқтымыз.                                           

Аула ішіндегі балалар алаңының құны 9 миллион теңгеге түскен. Құрылыс өткен жылдың мамыр айында басталыпты. Бірақ тұрғындардың қуанышы ұзаққа бармаған. Сапасыз құрал-жабдықтар бір айға жетер-жетпес уақытта сынып қалған. Оларды ауыстырамыз деп алып кеткен мердігерлер де хабар-ошарсыз кетіпті.

Шоқан Рзақұлов, қала тұрғыны:      

– Келіп мына жолдарды жасады. Ол да жартылай жасалып, балалар ойнайтын жерлерді қалай болса солай жасап, шала қылып істеп кетті. Мына әткеншектері сынып, кейін оны алып кетті. Орнына басқа әкелеміз деді. Қайтып әкелген жоқ.

Расылхан Сарыпбеков, қала тұрғыны:    

– Міне, біздің әкімдіктің бір жыл төрт айдың ішінде істеген тірліктері. Міне, істегендерінің бәрі далбаса. Мұнда әткеншегіміз тұрған. Олар үш күнде сынып бітті. Балалар құлап жатыр шетінен.

Үй ауласын абаттандыру жұмыстары да тұрғындардың көңілінен шықпаған. 

Жексенбай Түсіпов, қала тұрғыны:      

– Асфальтін, жаңағы бордюрларын дұрыстап берсе. Былтыр келіп мыналарды істеп беріп кетті. Мұның бәрі жаңа айтып жатыр ғой қаусап жатыр деп. Сынып жатыр. Балалар ойнайды, ойнағанда құлайды. Анандай тақтайлардың бәрі жұлынып-жұлынып қалды. Орындық жоқ. Отыратын орындық жоқ. Мына 10-үйдің алдында ешқандай тәртіп жоқ.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары олқылықтар орнына келеді деп сендірді. Олардың айтуларынша, мердігерлер жуық арада қайта қалпына келтіру жұмыстарына кіріседі.

Зият Тұрсынұлы, қалалық ТҮКШ бөлімінің жетекшісі:

– Тұрғындар тарапынан шағым өте көп түседі. Нақты 10-шағын аудан бойынша  жауапты «Ерк-Астана» ЖШС. Мердігер компанияның жұмысына ескертулер бар. Алайда олардың бір жыл кепілдік мерзімі бар. Сондықтан олқылықтар бір ай ішінде қалпына келтірілетін болады.

Егер мердігерлер нысанды қалпына келтірмейтін болса, онда ТҮКШ сотқа береді. Бұл – барлық жауапсыз мердігерлерге қолданылатын шара. Дәл осындай жағдай екінші шағын ауданда да қайталанып отыр. Жауапты ұйым оны қысқа мерзімде қалпына келтіруге уәде беріпті. Ал 8-шағын ауданда тозығы жеткен балалар алаңын жаңарту тек 2023 жылы жүзеге аспақ. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Анастасия Сулейманова, Руслан Ахатилла

Хабар 24 телеарнасы