«Даму» қоры арқылы 372 млрд теңге болатын 42 мың жоба субсидияланды

Жыл басынан бері «Бәйтерек» холдингі «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге 12 мыңнан аса субсидия берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар елде мемлекеттік бағдарламаға сұраныс артқанын айтады. Осылайша соңғы он жылда «Даму» қоры арқылы 372 млрд теңге болатын 42 мың жоба субсидияланды.

«Бәйтерек» холдингі «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын «Даму» қоры арқылы жүзеге асырады. Яғни бизнес өкілдері екінші деңгейлі банктерден несие алады. Оның жартысынан көбін қор субсидиялайды. Сондай-ақ қарыз алушы мен қарыз беруші арасындағы сенімді байланысқа кепіл болады.

Әділ Мұхамеджанов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Біз қажет кепілдіктің 85 процентіне дейін жауып бере аламыз. Бұл банк үшін тәуекелді азайтады. Сондықтан еш қиындықсыз кредит береді. Меніңше, бұл – мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау.

Қарағандыдағы бұл кәсіпорында кенді өндіріс ошақтары диірмендерін қаптайтын өнім шығарылады. Еліміздегі бірегей жоба. Әзірге отандық ірі металл өндірушілер шетелдік нұсқасын тұтынады. Алайда бұл кәсіпорынның болашағы зор. «Шығыстүстіметпен» келісім жасалды. Алдағы уақытта Болгария, Моңғолия, Ресеймен байланыс орнатылмақ.

Қуандық Қазанғапов, Polumet Solutions Corporation ЖШС бас директоры:

– Осы зауытты салуға біз 500 млн-дай қаржы жұмсадық. Ол қаржыны несиеге алдық. Несиенің 6 процентін «Дамудан» қолдау алып, сондай жобамен жұмыс істеп жатырмыз. Февраль айында бірінші өнімімізді Болгарияға шығарамыз деп отырмыз.

Бұл бір ғана мысал. Биыл холдинг 380 млрд теңгені субсидиялау бойынша 12 мың келісімшарт жасасты. Мемлекеттік бағдарлама игілігін көргендер соңғы 10 жылда 34 трлн теңгенің өнімін өндірді. Қазынаға түскен салық 2,2 трлн теңгені құрады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Нұрғали Мамырбаев