Жамбыл облысында жалған құжат жасаған ветеринарлар жауапқа тартылды

Олар екпе жұмыстарын тек қағаз жүзінде жүргізіп келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал анығында төрт түліктің басым көпшілігі вакцина алмапты. Ветеринарлар өңірдегі мал санын арнайы базадан алып, сол арқылы қаншама доза вакцинаны жойып отырған. Кейін белгілі болғандай, кейбір шаруашылық иелері ол малды әлдеқашан сатып жіберген екен, ал базадан алуға үлгермеген. Мәселен, Мойынқұм ауданының ветеринар дәрігері 350 бас малға екпе саламын деп 2 мың доза вакцинаны есептен шығарыпты. Малға жалған вакцинация 2018 жылы жүргізілген. Енді заң алдында жауап береді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері кейбір мал дәрігерлерінің дипломсыз жұмыс істеп келгенін де анықтады. 

Қайрат Ақмұрзаев, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаменттің бас маманы:

- Жетітөбе селолық округіндегі ветеринарлық пунктке жоғары білімі жоқ адамды басшы етіп тағайындаған. Сондай-ақ бұл салада ешқандай тәжірибесі жоқ маманды жетекші жұмыстарға бекіткені белгілі болды. Қазір бұл азаматтар атқарып отырған қызметтерінен босатылып, ветеринарлық станция басшысы әкімшілік жауапқа тартылды.