Шымкентте індетке қарсы стационар лицензиясыз жұмыс істеген

Шымкентте тиісті лицензиясыз жұмыс істеп, қауіпті дертке шалдыққан науқастарды емдеумен айналысқан стационар жабылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол бұған дейін қаладағы колледждердің біріне қарасты жатақханада қызмет етіп, ковид жұқтырғандарды қабылдап келген. Ал жан-жағы қоршалмаған ғимараттың жұмысына қатысты жақын орналасқан үйлердің тұрғындары қанша шағым айтса да еленбеген. Себебі әр палатаның терезесі арқылы емделушілерге тумалары тамақ беріп, емін-еркін әңгімелесіп отырған. Біздің тілшілеріміз анықтағандай, стационар іске қосыларда санитар дәрігерлердің талабы ескерілмеген. Тіпті жұмыс жүргізуге де рұқсат алмапты. Тәртіп бойынша мекеме науқастарды қабылдамас бұрын алдымен өтініш беріп, санитариялық талапқа сәйкестігін тексертуге тиіс. Содан кейін ғана лицензия алуы қажет. Қазір ғимарат жабылып, ішіндегі емделушілер басқа емханаларға ауыстырылды.

Әбдіманап Төлебаев, Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

- Заң бойынша бұл тиісті талапқа сай ашылуы керек еді. Сосын сәйкестігі тексеріледі. Бұл жұмыспен аудандық басқармалар айналысады. Ал ондағыларға өтініш түспеген.

Бақытжан Позилов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазір бұл жатақхана жұмыс істемейді. Оны біз басқа ауруханаларда орын болмаған соң шұғыл түрде ашқан едік. Лицензия алатын да уақыт болмады. Біз пациенттің өмірін сақтау немесе осы жағдайда ашу туралы ойда болдық. Сондықтан жедел түрде кереуеттер жасақтау шешімі қабылданды.