Ақтөбеде бір топ автобус жүргізушісі жұмысқа шықпай қалды

Қызмет көрсетуші компанияға тиесілі 80 көлік бүгін орнынан қозғалмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұмысшылар дер кезінде жалақы алмағандығына наразы. Жалпы электрондық ақы төлеу жүйесі қолданысқа енгелі өңірдегі тасымалдаушы мекемелердің басынан дау тарқамай келеді. Бұған дейін де жүргізушілер мен кондукторлар бірнеше рет жұмысқа шықпай қалған.

Шаһардағы қоғамдық көлік мәселесі соңғы уақытта жиі сынға ұшырап жүр. Жүргізушілердің әлсін-әлсін наразылық шарасын ұйымдастыруынан тұрғындар әбден титықтап біткен. Алайда аптап ыстықта аялдамаға тығылған халықта ешқандай шара жоқ. Такси құны да санаулы сағат ішінде шарықтап кетіпті.

БЛИЦ:

- Таксилер мың теңге сұрап отыр. Қан қысымым жоғары, ең болмаса уақытында жүрсе автобус. Тегін жүріп жатқан жоқпыз.

- Жарты сағаттай болды отырғанымызға. Біресе болады, біресе жоқ. Отырамыз осылай.

Жолаушылар көп мінетін 24-бағыт та бүгін тоқтап қалды. Жалпы облыс орталығында бұл тасымалдаушы компанияға тиесілі 140-қа жуық автобус күнделікті қызмет көрсетуі тиіс. Алайда бүгін 80 жүргізуші жұмысқа шығудан бас тартты. Себебін дер кезінде жалақы төленбегендіктен деп түсіндірді.

Тәңірбек Арықбаев, автобус жүргізушісі:

- Бізге валидатор бола берсін. Оған қатысымыз жоқ. Бізге күніне 10 мың теңгеден берсін. Одан басқа ештеңе керек емес. Әр айдың 10-на дейін беріп болсын. Болды.

Компания басшылығы жүргізушілерге жалақыны уақытылы аударып келеміз дейді. Тек банк карточкасын рәсімдемеген жандар ғана қолма-қол қаражатпен есептесуді талап еткен.

Ақарыс Тлеулесов, жолаушылар тасымалдаушы мекеменің директоры:

- Біз карточкалары болса, аударып берер едік. Жалғыз 1-2 жүргізуші емес. 50 проценттен жоғары жүргізушілер карточкасын аша алмай жүр. Өйткені олар несиеге, алиментке қарыз. Банктер бұғаттаған. Электронды төлемге көшкелі кассада ешқандай қолма-қол ақша жоқ.

Алайда басшылықтың бұл уәжімен кейбір жүргізушілер келіспейді. Тиісті құжаттарды уақытылы тапсырғанымен қаражатсыз қалғандары да бар.

Ертай Исказин, автобус жүргізушісі:

- Ешқандай алимент, ешқандай несие жоқ. 17 күн шықтым, ертең берем деп 4 күн жүрдім.

Электрондық жолақы төлеу жүйесіне көшкелі тасымалдаушы компания өкілдері қызмет көрсету сапасына ерекше көңіл бөлеміз деп ант-су ішкен еді. Алайда 3 айға жуық уақыт өткенімен ешқандай өзгеріс байқалмайды. Ал жүргізушілер мен кондукторлардың наразылығы жағдайды тіптен ушықтырып тұр. Сондықтан жергілікті билік қоғамдық көлікке жауапты қос мекемеден бөлек тағы бір мердігерді жұмылдыруға ниетті.

Жайық Қодаш, қалалық ТҮКШ бөлімі секторының бас маманы:

- Үшінші тасымалдаушы жол ақысына әсер етпейді. Бұрынғыдай электронды жолақысы. Электронды жүйемен 80 теңге, қолма қол 150 теңгемен қызмет көрсететін болады.

Үшінші тасымалдаушының көліктері қала көшерлеріне қашан шығатыны белгісіз. Әлеуметтік бағыттарды субсидиялау мәселесі де әлі күнге дейін шешімін таппаған. Нәтижесінде үйінен жұмысқа, кешкілік отбасына асыққан жолаушылар ғана зардап шегіп отыр. Ал наразы жүргізушілер болса жалақы жүз процент төленбей жолға шықпаймыз дейді.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков