423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Өскеменде жарты жыл бұрын ғана берілген үйдің қабырғасы жарылып жатыр

  • 115
  • UPD: 23:57, 19.08.2021

Өскеменде жарты жыл бұрын ғана пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үй бүліне бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қабырғасына түскен сызаттан қауіптенген тұрғындар біздің арна тілшілеріне хабарласып арызданған екен.

Ілияс Есенберлин көшесінің тұрғындары бүгін шұғыл түрде жиналыс өткізді. Талқыға түскен басты тақырып ­ қауіпсіздік мәселесі. Баспананың бүліне бастағанын қыс бойы тоңып шыққан пәтер иелері көрген. Олар үйдің сыртына жылу ұстағышты жапсырмақ болыпты. Қаптаманы ашқан кезде қабырғаның жарылғанын байқаған.

Сайдинг қаптамадан көп нәрсе көрінбейді. Бірақ үйдің басқа жағындағы пәтер қабырғасынан да кішігірім сызаттарды байқауға болады. Сондықтан көпқабатты үй қауіпті болуы мүмкін дейді Ләнтай Құзатханқызы. Ол осы пәтерге жақында ғана бала-шаға, немерелерімен көшіп келген.

Ләнтай Құзатханқызы, қала тұрғыны:

- Бала-шағаға алаңдаймыз. Астынан бастап жарылып тұр. Өзі жаңа үй, қолданбаған. Оқыс боп қала ма деп алаңдаймыз.

Тұрғындардың көбі бұл пәтерлерді ипотекаға алған. Үш баланың анасы Әсел Тоқтарханқызы әлі тоғыз жыл бойы баспана ақысын төлеуі тиіс. Бүгінгі жағдайдан кейін енді оның қаржы аударуға құлқы жоқ.

Әсел Тоқтарханқызы, қала тұрғыны:

- Бүкіл қала көріп отыр ғой, қандай үй екенін. Енді өмір бақи осы екі бөлмелі үйде тұрмаймыз. Кішкене көбею керек. Сата аламыз ба, сата алмаймыз ба, білмеймін.

Қалалық құрылыс бөліміндегілердің де бұл мәселеге қатысты басы қатып жүр. Тіпті тұрғындарға не дерін де білмейді.

Қөпқабатты үйде тұру қауіпті ме? Көпшіліктің көкейкесті сауалына да әкімдіктегілер нақты жауап бере алмады.

Мерей Әкімжанов, Өскемен қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

- Қазіргі уақытта көрініп тұр. Техникалық тексеру жасалғандықтан толығымен біле аламыз. Ол шешім сараптама ұйымына байланысты.

Кепілдік мерзімі аяқталмаған үйге екі бірдей тәуелсіз сараптама тағайындалды. Біріншісі тұрғындар тапсырысымен екіншісін мердігер мекеме жалдайды.

Мақсат Шакиров, мердігер мекеме директоры:

- Тұрғындар өздері аккредитациясы бар компания іздеп тауып, олармен келісімшарт қойылып жатыр. Дегенмен осы адамдарға жүк болмасын деп оның ақысын біз өзіміз мойнымызға алып отырмыз.

Мамандар көпқабатты үй қабырғасының жарылуын топырақтың отыруымен түсіндіреді. Бірақ нақты себебі сарапшылардың тексеріс жұмыстарынан соң белгілі болады. Баспананың тұруға жарамды не жарамсыз екеніне қатысты да солар шешім шығарады.

Шыңғыс Қалиден, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов

Хабар 24 телеарнасы