Петропавлда құрсақтағы сәбидің ауытқушылықтарын анықтайтын зертхана ашылды

Петропавлда ана құрсағындағы сәби ағзасында ауытқушылықты анықтайтын зертхана ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ендігі кезекте жүкті әйелдерге Нұр-Сұлтанға не басқа қалаға барып, дәрігерге қаралудың қажеті жоқ. Ғылыми тілде ФИШ-зертхана деп аталатын бөлімше облыстық көпбейінді емханада іске қосылды. Бұл жерде хромосомадағы 5 түрлі ауытқушылықты білуге мүмкіндік бар. Медициналық талдаулар 99% дәлдікпен нәтиже береді. Әдетте олар жүктіліктің 16-18 аптасында жатыр суынан алынады. Ал қорытындысы 3 күнде дайын болады.

Елена Хомякова, цитогенетик:

- Медициналық қызметтің бұл түрі біздің өңірде болған жоқ. Аяғы ауыр әйелдер іштегі сәби денсаулығын тексерту үшін көрші облыстарға барып жүрді. Осы мәселенің шешілгеніне қуаныштымыз. Ана құрсағында жатқан сәтте бала денсаулығын қарату өте маңызды. Қандай да бір ауытқушылық табылған жағдайда қажетті емдік шаралар тағайындалады.