Өркенді ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері тұзды су ішіп келеді

Лаж жоқ. Былтыр елді мекенге жаңадан ұңғыма салып, құбырларды жаңарту үшін қазынадан 168 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда атқарылуы тиіс жұмыстар соңына дейін жеткізілмеген. Сөйтіп, жұрт әлі күнге тұщынып, тұщы суға қол жеткізе алмай келеді. Уәде етілген ұңғыма да қазылмады. Ал құбырлар ескісіне қайта жалғанған.

Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Өркенді елді мекенінде 650 үй бар. Ауыл тұрғындары жылдар бойы ескі ұңғымадан шығатын ащы суды тұтынуға мәжбүр. «12 метрден шығатын судың өзін тәуліктеп тұнытпаса, іше алмайсың», - дейді жергілікті халық.

Рәйлә Нұсқабаева, Өркенді ауылының тұрғыны:

- Ішіп жатқан суымыз мынау, бір сөтке тұндырып ішеміз. Тұндырмаса қап-қара болып тұрады. Балдардың барлығы ауру.

Жергілікті билік өткен жылы Өркендіге таза ауыз су беру үшін қыруар қаражат бөлген. «Тұрғын үйлердің арасындағы ескі ұңғыманы жауып, ауыл шетінен жаңасын қазамыз», деп уәде берген. Алайда берген уәде орындалмай, тек су құбырларын жаңартумен шектелген. Ал, жергілікті халықтың таза су ішеміз деген арманы тағы да сағымға айналды.

Әбдірахман Дінтаев, Өркенді ауылының тұрғыны:

- Әкеліп, бұрынғы ескі скаважинаға қосып, ащы суға қосып кетті бізге. Біздің жаңа скважинаның ақшасын ішкі шығындарға пайдаланып кеткен деп жауап берді. Әкімшілікке барып едік, скважинаға 12 млн қаралған екен. Оны басқа шығындарына жұсап жіберді деп жауап берді бізге.

Қазір қаражаты жеткендер таза суды көрші ауылдан тасып ішеді. Онда да литрін 1 теңгеден сатып алады. Ал, шіліңгір шілде мен аптап ыстықта мұнда да ұзын-сонар кезек болады.

Шаймерден Сейілбаев, Өркенді ауылының тұрғыны:

- Қазір күннің ыстығында үш күнде 100 литр су алып кетеміз үйге бала-шағаға. Аптасына келіп, бензин құйғанның өзінде бір жарым мың теңге кетеді су-пуыменен.

Аудан басшылығының айтуынша, тиісті жұмысты атқару кезінде жобаға бірқатар өзгерістер енгізіліп кеткен. Оны аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары қабылдаған. Яғни, кемшілікке көз жұма қараған. Енді халыққа беріліп жатқан судың сапасын өздері тексеріп көрмек.

Мұрат Қадырбек, Жетісай ауданының әкімі:

- Ол суды берерден алдын тиісті санитарлық талаптарға сәйкес келе ме, келмей ме. Ішуге бола ма, болмай ма деген сұраққа жауап беретін құзырлы орган бар. Құзырлы органнан қорытынды алынған, сол қорытындының негізінде беріліп отыр. Біз оны қосымша сессияда қарайын деп жатырмыз, енді қосымша қаржы бөлеміз.

Осы мәселеге орай тұрғындардан арыз түсуіне байланысты қазір тиісті тексерулер жүргізілуде. Тексеру қортындысы шықпай жатып мердігер мекеменің басшылығы мен жауапты бөлім қызметкеріне айыппұл салумен шектелген. Ал ауданның коммуналдық шаруашылығына жауаптылар биыл қосымша қаржы бөліп, жобаға сәйкес жұмыстар атқарылады деп сендірді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы