Шымкенттіктер спорт алаңының орнына салынатын емхана құрылысына қарсы

Шымкентте спорт алаңының орнына емхана салынбақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында инвестордың есебінен бой көтереді. Бірақ бұған Қызылжар тұрғын үй алабының тұрғындары қарсы. Мұның себебі не, халық не дейді?

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Бұл осында жаттығып, дене саулығын алдыңғы қатарға қойған балалардың сұранысы. Бүгін олардың өтінішіне ата-аналары да қосылып, жанайқайымыз жәй қалмаса екен дейді. Барлығының базынасы бір. Үйреніп қалған орынды ешқайда ауыстырғылары келмейді. Өз өтініштерін түрлі құзырлы орган мен жергілікті билікке де жеткізіпті.

Балтабай Оразов, Қызылжар тұрғын үй алабының тұрғыны:

- Дені сау адам ауырмайды еш уақытта. Өзіміздің №9 ауруханамыз бар. Соның орнына салсын қайтадан бұзып. Қарсылығымызды айтамыз. Бермейміз стадионды. Біз қарсымыз ондай бүтін нәрсені бұзып, аурухана салуға. Аурухананың орнына салсын.

Мұнда балалар доп теуіп, футбол ойынын кәсіби тұрғында меңгеріп келеді. Былғары қолғапты серік етіп, бокстан да өз шеберліктерін шыңдайды. Айтуларынша, талай жас көзге түсіп, республикалық деңгейге көтеріліпті.

Сардар Толқынов, Қызылжар тұрғын үй алабының тұрғыны:

- Мен осы жерде 5 жылдан бері футбол ойнаймын. Осы стадионның жабылуына мен қарсымын. Осы достарыммен бәріміз келіп ойнаймыз осы жерде. Осы жерден чемпион боламыз, Құдай қаласа.

Қызылжар тұрғын үй алабы қаладағы Абай ауданына қарайды. Жергілікті билік өкілдері қазір қоғамдық тыңдау жүріп жатқанын айтады. Олар тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп, барлығы заң аясында шешілетіндігін алға тартып отыр.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:

- Бізде №9 аурухана бар. Ол 80 сотық жерге орналасқан. Ол апатты жағдайда бүгінгі күнде. Енді мына індетке байланысты тұрғындарды қабылдауға мәжбүр болып отыр. Келешекте осы №9 аурухананың орнына тұрғындарға түсіндіріп жатырмыз. Сол 80 сотық жерге спорт алаңшаларын салып береміз деген ұсыныстарды айтып жатырмыз.

Аудан әкімінің айтуынша, жоба міндетті түрде тұрғындардың келісімінен өтеді. Қыркүйек айына дейін қоғамдық тыңдаудың нәтижесі белгілі болып, емхана құрылысын қолдаса, 500 орынға шақталған нысан бой көтереді. Әзірге нақты шешімі белгісіз.